×
467.41
533.88
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.41
533.88
6.14

Ақтөбе облысында мұнара құлап, жүкті әйел зардап шекті

Бүгін, 12:01
Ақтөбе облысында мұнара құлап, жүкті әйел зардап шекті

Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылында байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлап, зардап шеккен жүкті әйел санитарлық авиация арқылы облыс орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Дауылды жел кезінде биіктігі 47 метр болатын байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлаған. Сол сәтте дүкенде жұмыс істеп жүрген әйел жарақат алған.

Байғанин аудандық ауруханасының бас дәрігері Досбол Әуезовтің айтуынша, оқиғадан кейін ауруханаға үш адам жеткізілген.

– Жүктіліктің 21-аптасындағы 35 жастағы әйел қосымша тексеру мен бақылау үшін санитарлық авиациямен Ақтөбе қаласына жіберілді. Оның жағдайы тұрақты, аяғынан жарақат алған. Аудандық ауруханада жатқан 14 жастағы жасөспірім мен тағы бір әйелдің жағдайы жақсы, – деді ол.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, аудандағы ұялы байланыс толық қалпына келтірілген. Құлаған мұнарада Kcell, Altel және сымсыз телефон желісінің жабдықтары орнатылған.

Төтенше жағдайлар департаменті авариялық-құтқару жұмыстары барысында алты адамды, оның ішінде үш баланы қауіпсіз жерге эвакуациялағанын хабарлады.

Мұнараның құлауынан келген шығын көлемін «Қазақтелеком» АҚ мамандары Байғанин ауданы әкімдігімен бірлесіп анықтайды.

БҰҒАН ДЕЙІН

9 шілде күні кешке Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында дауылды желдің салдарынан металл байланыс мұнарасы құлаған болатын. Оқиға салдарынан үш адам зардап шегіп, ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.