×
467.41
533.88
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.41
533.88
6.14

KazTAG пен Турлов татуласа ма

Бүгін, 15:43
KazTAG пен Турлов татуласа ма
Ulysmedia коллажы

KazTAG халықаралық ақпарат агенттігінің басшыларына қатысты қылмыстық істе өзгеріс болуы мүмкін. Адвокат Светлана Оралбаева «Фридом Финанс» АҚ-мен медиативтік келісім жасап, бұрынғы айыптауларынан бас тартқаннан кейін KazTAG басшыларының қорғаушылары да медиацияға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

KazTAG бас директоры Әсет Матаевтың мүддесін қорғайтын адвокат Рена Керімованың Ulysmedia.kz-ке айтуынша, медиация мәселесі сот отырысында шынымен көтерілген. Алайда әзірше қандай да бір келісім жасалған жоқ.

Бұған 2025 жылдың көктемінде KazTAG ұйымдастырған баспасөз мәслихатында негізгі спикерлердің бірі болған Светлана Оралбаеваның жария мәлімдемесі себеп болды. Ол кезде адвокат «Фридом Финанс» АҚ-ға қатысты айыптаулар айтқан еді. Енді ол іс материалдарын зерттегеннен кейін компания мен оның акционері Тимур Турловтың қызметіне қатысты өзі таратқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Сонымен қатар Оралбаева сенім білдірушісі Жанна Қапарованың өзін жаңылыстырғанын айтты. Оның пікірінше, өз сөздерін кейін KazTAG басшылығы «Фридом Финансқа» қарсы жарияланған мақалалар топтамасын дайындауда пайдаланған.

Осыдан кейін адвокат Рена Керімова Светлана Оралбаева мен «Фридом Финанс» арасындағы медиативтік келісімнің жасалғаны расталса, қорғау тарапы да медиация мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, егер адвокат уақыттың тығыздығына байланысты ақпаратты тексермегенін мойындаса, бұл дауды сотқа дейін реттеуге негіз бола алады.

Керімованың өтінішін Әсет Матаев пен KazTAG бас редакторы Әмір Қасенов қолдады.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, KazTAG агенттігі басшыларына қатысты қылмыстық іс «Фридом Финанс» АҚ-ның арызынан кейін қозғалған болатын.

2025 жылдың желтоқсанында агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновтің ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылғаны белгілі болды.

2026 жылдың наурызында адвокат Рена Керімова осы эпизод бойынша KazTAG бас директоры Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылғанын хабарлады. Алайда сол кезеңде ол бұзақылық ісі бойынша қайта ұсталды. Кейін сот оған қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа шығарды.

Маусым айының басында Әмір Қасенов Қазақстан президентіне видеүндеу жасап, өзіне қатысты қылмыстық қудалау кәсіби қызметімен байланысты екенін мәлімдеді. Бұған дейін сот оның үйқамақтағы тәртіп талаптарын бұзғанын, соның ішінде видеоүндеулер жариялағанын және алғашқы сот отырысына келмегенін негізге алып, қайтадан тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарған болатын.