Заңгер, Колумбия университетінің түлегі Нұрғазы Әнуарбеков Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында ауыл-аймақтарда шешімін таппай келе жатқан мәселелерді көтеріп, өзіне тиесіліні талап етуге келгенде халық енжарлық танытатынын айтты.
АУЫЛДА НЕГЕ МАЛ ЖОҚ?
Сарапшы еліміздегі ірі қалаларда тұратындардың тұрмысы жақсы болғанымен, ауыл-аймақта халықтың мұң-тұқтажы көп екенін айтады. Оның сөзінше, өңірлерде жұмыс мәселесі, жайылым жер мәселесі шешілмей келеді.
– Халыққа заң бойынша талап етуді үйреніңіздер дегім келеді. Бізде 2016 жылы жайылымдар туралы заң қабылданған. Оңтүстіктің адамымын, ауылға барған сайын жайылым тапшылығын көрем. Ауылдан шықсаң, егістік басталады. Қазір ауыл тұрғындарының 90%-ында мал жоқ. Бұрын мал ұстап, өз-өзін қамтамасыз етіп жүрген адамдар қазір қалай күн көріп жатқанын білмеймін. Цифрлық заманда қазір жазғаныңыз сол мезетте Астанаға жетеді, талап етіңіздер деймін халыққа, – деді Нұрғазы Әнуарбеков.
БӨЛІНГЕН АҚША ҚАЙДА?
Заңгер елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге бөлінгенін атап өтті.
– Ақшаның бәрі шаруа қожалықтарының иелеріне кетеді. Қарапайым халыққа неге жетпей жатыр? «Ауыл» партиясы осы мәселені неге қадағаламайды? Сайлау кезінде ғана айтпай, ақша бөлінген уақыттан бастап неге бақыламайды? Неге қоғамдық кеңестер құрмайды?, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, бұдан бұрын Нұрғазы Әнуарбеков партиялардың тек сайлау науқаны кезіңде жұмыс істей бастайтынын айтқан. Оның сөзінше, халық кейбір партиялардың бар екенін де білмейді. Тек сайлау науқаны алдында ғана әншілердің, блогерлердің парақшасынан ести бастайды.