АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио Дональд Трамптың ықтимал ізбасарлары саналады. Алайда Трамп әкімшілігінде қызмет ету екеуінің де саяси болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ақ үйдің шешімдері, әсіресе Иранмен соғыс және Nvidia компаниясына қатысты дау олардың 2028 жылғы президент сайлауына байланысты жоспарларын қиындатуы ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Axios басылымының мәліметінше, аралық сайлауда республикашылдар жеңіліске ұшырағаннан кейін Вэнс партияның сәтсіздігін Иранмен соғыспен байланыстырған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, вице-президенттің бұл ұстанымы Трампқа ұнамаған.
Өткен аптада журналистер Ақ үй басшысының қатысуымен Вэнстен Иранмен соғыс республикашылдардың саяси шығынына татитындай шешім болды ма деп сұрады. Алайда вице-президент бұл сауалға тікелей жауап бермеді.
«Шешімді президент қабылдайды. Президент дәл осындай жағдайда тағы да сол шешімді қабылдайтынын айтты. Ал менің міндетім – АҚШ президентін қолдау», – деді ол.
Axios дерегінше, Вэнс әуел бастан Иранға қарсы әскери операция жүргізуге қарсылық білдірген. Алайда әкімшілік ішінде оның ұстанымы қолдау таппаған.
Вэнстен айырмашылығы, мемлекеттік хатшы Марко Рубио Трамптың Иранға соққы беру туралы шешімін белсенді қолдаған. Алайда бұл ұстанымның да саяси салдары болуы мүмкін.
Axios басылымының пайымынша, егер америкалық сайлаушылар Иранмен соғысты қолдамаса, Рубионың бұл ұстанымы президенттік додаға қатысқан жағдайда өзіне кедергі келтіруі ықтимал.
Дегенмен Трамптың ықтимал екі ізбасары арасындағы келіспеушілік сыртқы саясатпен ғана шектелмейді.
Тараптар арасындағы тағы бір келіспеушілікке америкалық чип өндіруші Nvidia компаниясына қатысты жағдай себеп болған.
Трамп Дженсен Хуанның компания президенті және бас директоры қызметіне қайта оралуын қолдаған. Axios дерегінше, Рубионың қарсылығына қарамастан, Вэнс осы шешімнің қабылдануына ықпал еткен.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, мемлекеттік хатшы бұған дейін Трампқа мұндай шешімнің ықтимал салдары туралы ескерткен.
Журналистер Хуанның қызметіне қайта оралуына қатысты сұрақ қойған кезде Рубио жауап берместен кетіп қалған.
Axios басылымының пікірінше, мұндай жағдайлар әкімшіліктегі жоғары лауазымды тұлғалардың президентке адалдығын сақтай отырып, өз ұстанымын қорғауы қаншалық қиын екенін көрсетеді.
Әзірге Вэнс те, Рубио да АҚШ президенттігіне үміткер болатынын ресми түрде жариялаған жоқ. Дегенмен вице-президент көптен бері Республикалық партияның ықтимал кандидаттарының бірі ретінде аталып жүр.
Axios мәліметінше, Вэнс жаңа жылдан кейін өзінің саяси жоспарларын айқындамақ. Ол түпкілікті шешімін 2027 жылдың көктемінің соңына қарай қабылдауы мүмкін.
Ал Рубио Вэнс өз кандидатурасын ұсынған жағдайда президенттік сайлауға қатыспайтынын аңғартқан.
2026 жылғы аралық сайлауда республикашылдар жеңіліске ұшырағаннан кейін партия ішінде Дональд Трамптың саяси бағытына қатысты пікір қайшылығы күшейді. Наразылықтың негізгі себептерінің бірі – Иранмен соғыс.
Вэнс соғыстың республикашылдар үшін жағымсыз салдары туралы ашық айтқан. Алайда Вэнс пен Рубионың екеуі де әкімшілікте маңызды қызмет атқаратындықтан, олардың саяси болашағы қазіргі президенттің шешімдеріне де байланысты.