Испания құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Испандар жартылай финалда Францияны 2:0 есебімен жеңіп, алтын жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Франция құрамасы ойынға дейін сенімді өнер көрсетіп, плей-офф кезеңінде Швецияны (3:0), Парагвайды (1:0) және Марокконы (2:0) жеңген еді. Алайда бұл жолы Килиан Мбаппе бастаған команда Испания қорғанысын бұза алмады.
Кездесудің алғашқы голы 22-минутта соғылды. Франция қорғаушысы Люка Динь Ламин Ямальға қарсы ереже бұзып, төреші пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Микель Оярсабаль мүлт жібермей орындап, Испанияны алға шығарды.
Екінші таймның 58-минутында Педро Порро Дани Ольмомен сәтті комбинация жасап, айып алаңына енген соң есепті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін француздар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.
Нәтижесінде Испания 2:0 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына шықты. Енді испандар Англия мен Аргентина арасындағы жартылай финал жеңімпазымен чемпиондық үшін кездеседі.
Ал Франция құрамасы турнирдің қола жүлдесі үшін Англия – Аргентина жұбының жеңілген командасымен ойнайды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Испания мен Франция құрамалары арасындағы жартылай финалдық матч алдында өз болжамын жариялап, кездесудің фавориті ретінде Францияны атаған еді.