Үндістанның үш азаматы ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін елден тысқары шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ағымдағы жылдың басынан бері көлік полицейлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 121 азаматты, оның ішінде 86 шетелдікті Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты. Оның айтуынша, Алматы қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде ҚР көші-қон заңнамасын бұзған 19, 21 және 32 жастағы Үндістан азаматтарын анықтады. Олар заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде кетуден жалтарған.
“Көлік полицейлері шетелдік азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Дәл осындай құқықбұзушылық Шу станциясында Көкшетау–Қызылорда бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде де анықталды. Бұл жолы Тәжікстан Республикасының 28 жастағы азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі (Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың шешімімен жоғарыда аталған құқықбұзушылар ҚР аумағына кіруге 5 жыл мерзімге тыйым салу белгіленіп, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды”, – деп сөзін түйіндеді Мадияр Айтуғанов.