×
469.83
536.83
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.83
536.83
5.97

Ауруханаға жетпей көз жұмды: СҚО-да жүкті әйелдің өлімінен кейін жол мәселесі көтерілді

Бүгін, 13:22
Ауруханаға жетпей көз жұмды: СҚО-да жүкті әйелдің өлімінен кейін жол мәселесі көтерілді
Известия / Дмитрий Коротаев

Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйел ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Марқұмның туыстары жолдың ахуалы дұрыс болғанда, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Туыстарының айтуынша, жүктілігінің соңғы айларында болған Дарима Сагдеева 3 шілде күні өзін жақсы сезінген. Алайда кешке қарай жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған, деп хабарлады Astana TV.

Марқұмның күйеуінің сөзінше, түнде әйелді Пресновка ауылындағы аудандық ауруханаға алып кеткен. Ол артынан жеке көлігімен барған.

Ер адамның сөзінше, жедел жәрдем көлігі жолдың нашар болуына байланысты өте баяу жүрген және бірнеше рет тоқтаған. Себебі ой-шұңқырлы жолдағы әрбір соққыдан әйелге қатты ауырсынуды сезген.

Кейін науқасты реанимобильге ауыстырған. Ер адамның айтуына қарағанда, ауруханаға дейінгі 37 шақырым жол шамамен бір жарым сағатқа созылған.

Медициналық мекемеге жеткізілгенімен, әйелді аман алып қалу мүмкін болмаған. Дәрігерлердің сөзінше, жолда оның жүрегі екі рет тоқтаған. Өлімге жатырдың жыртылуы және ішкі қан кету себеп болған.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Қайғылы жағдайдан кейін полиция әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті тексеруді талап етіп отыр.

ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАДАН КЕЙІН

Оқиғадан кейін билік Пресновка – Қайранкөл жолын үш кезеңмен жөндеу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Қазір алғашқы учаскеге қатысты жобалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткен. Жақын уақытта мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.