×
469.83
536.83
5.97
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.83
536.83
5.97

КҚК мұнай терминалына шабуыл жасалды: Қазақстанның мұнайын тиеген танкер өртенді

Бүгін, 13:12
КҚК мұнай терминалына шабуыл жасалды: Қазақстанның мұнайын тиеген танкер өртенді
Ulysmedia.kz коллажы

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасап, қазақстандық мұнай тиеген екі танкерге соққы берген. Соның салдарынан кемелердің бірінде өрт шығып, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

КҚК таратқан мәліметке сәйкес, шабуыл 19 шілдеде теңіздегі қашықтағы тиеу құрылғылары арқылы мұнай тиеліп жатқанда болған.

Шабуылға Chevron компаниясының «Теңізшевройл» кәсіпорнына тиесілі мұнайды тасымалдап бара жатқан ASIA танкері мен Kashagan B.V. және «ҚазМұнайГаздың» «Матен» компаниясына тиесілі мұнайды тиеген NISSOS IOS танкері ұшыраған.

Бір танкерде өрт шықты

Шабуылдан кейін ASIA танкерінің бортында өрт тұтанған. КҚК-ның апаттық қызметі жалынды жедел сөндірді.

Консорциумның мәліметінше, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Мұнай теңізге төгілмеген, екі кеме де жүзіп кете алады. Қазір мамандар келген залалдың көлемін анықтап жатыр.

Либерия мен Маршалл аралдарының туы астында жүзетін танкерлерде халықаралық экипаж болған. Теңізшілерге медициналық көмек қажет болмаған.

КҚК мұны террорлық шабуыл деп бағалады

Консорциум бұл оқиғаны азаматтық мақсаттағы нысанға жасалған террорлық шабуыл деп бағалап, мұндай жағдайдың бесінші рет қайталанып отырғанын мәлімдеді.

КҚК өкілдерінің айтуынша, бұл шабуыл консорциумға мүше барлық елдің мүддесіне әсер етеді. Өйткені терминал әлемдік энергетикалық инфрақұрылымдағы маңызды нысандардың бірі саналады.

Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі осы бағытпен экспортталады

Каспий құбыр консорциумы Қазақстандағы ең ірі кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтан өндірілетін мұнайды әлемдік нарыққа жеткізеді.

2025 жылы КҚК жүйесі арқылы 70,5 миллион тоннаға жуық мұнай экспортталған. Оның 75 пайыздан астамы Chevron, ExxonMobil, Eni, Shell және «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі мұнай компанияларына тиесілі болған.