3 қарашада өтетін АҚШ Конгресіне аралық сайлау Дональд Трамптың саяси жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қазақстандық саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, республикашылдар Конгрестің екі палатасындағы да басымдығынан айырылып қалуы ықтимал. Оның үстіне партияның өз ішінде де алауыздық күшейіп келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қалиевтің айтуынша, кейінгі сауалнамалар республикашылдарға қолдаудың азайып бара жатқанын көрсетеді. Демократтар тіпті республикашылдар дәстүрлі түрде басымдыққа ие штаттарда да өз позицияларын нығайтып жатыр.
Ал Трамптың партиясынан сайлауға түсетін кейбір кандидаттар президенттен бойын аулақ ұстауға тырысып жатыр. Атап айтқанда, олар әлеуметтік желілердегі Трамппен бірге түскен суреттерін және президенттің өздерін қолдап айтқан мәлімдемелерін өшіріп жатыр.
Демократтар Конгресте басымдыққа ие болған күннің өзінде өзгерістер бірден басталмайды. Өйткені Конгрестің жаңа құрамы 2027 жылғы 3 қаңтарда ғана жұмысқа кіріседі.
Алайда саясаттанушының пікірінше, демократтардың тергеу жүргіземіз деген уәделерінің өзі Ақ үй қызметкерлерін қазірден бастап президент тапсырмаларын орындауда сақ болуға итермелеуі мүмкін.
Қалиев Республикалық партияның ішіндегі келіспеушіліктерге де назар аударды.
Оның пікірінше, дәстүрлі консервативтік бағытты ұстанатын республикашылдар мен MAGA қозғалысын жақтаушылардың арасындағы жік барған сайын ұлғайып келеді.
Тіпті MAGA қозғалысының Такер Карлсон сияқты ықпалды өкілдерінің кейбірі де Трамптан алшақтай бастаған.
– Егер бұл үрдіс түпкілікті қалыптасса, демократтар импичмент бастамасын көтерген жағдайда, Республикалық партияның Рейган дәуіріндегі консервативтік бағытты ұстанатын қанаты арасынан да оны қолдап дауыс беруге дайын адамдар табылуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды, – деп жазды саясаттанушы.
Дегенмен президентті қызметінен кетіру үшін Сенаттағы дауыс беруге қатысқан сенаторлардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет.
Қалиевтің болжамынша, Конгрестегі күштердің арақатынасы өзгерсе, Трамптың президенттік мерзімінің қалған екі жылы оның әкімшілігінің қызметіне қатысты тергеулермен өтуі мүмкін.
– Қалай болғанда да, алдағы екі жыл бұрынғыдан да қызық болғалы тұр. Ал Конгресс бастайтын тергеулер Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі мен Дональд Трамптың айналасындағы адамдарға қатысты талай құпияның бетін ашуы мүмкін, – деп есептейді сарапшы.
3 қарашадағы аралық сайлауда америкалықтар Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесін және Сенат мүшелерінің бір бөлігін сайлайды.
Қазір Конгрестің екі палатасында да республикашылдар басымдыққа ие.
Егер демократтар палаталардың кемінде бірінде көпшілік орынға ие болса, Трамп әкімшілігінің жұмысына парламенттік бақылауды күшейте алады.