Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрбол Назарбаев сотта тағы да жеңіліп қалды. Алматы облыстық сотының апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Назарбаевқа қатысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданудан бас тартты.
МӘН-ЖАЙ
Нұрбол Назарбаев сот арқылы өзінің «ауыр қаржылық жағдайын» бірнеше рет дәлелдеуге тырысқанымен, өтініші қанағаттандырылмаған. Енді оның бұл өтінішін апелляциялық сат та қолдамады.
Ресми түрде Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тануды емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінқолдануды сұраған. Бұл рәсім борышты бес жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді әрі банкроттыққа байланысты несие алуға қойылатын шектеулерден, қаржылық мониторингтен және заңда көзделген өзге де шаралардан айналып өтуге жол ашады.
Әңгіме шамамен 58 миллиард теңге көлеміндегі берешек туралы болып отыр. Оның ішінде:
КЕДЕЙ ЕКЕНІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖОҚ
Сот қаулысында Нұрбол Назарбаевтың өзінің қаржылық жағдайы туралы толық мәлімет ұсынбағаны көрсетілген. Атап айтқанда, коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табыс, банк салымдары, дивидендтер жөніндегі ақпарат, сондай-ақ шығыстары туралы деректер ұсынылмаған.
Сот алқасының пікірінше, мұндай мәліметтерсіз оның нақты қаржылық жағдайына объективті баға беру және өз міндеттемелерін шынымен орындай алмайтынын анықтау мүмкін емес.
Бұдан бөлек, сот өтініш берушіні төлем қабілетсіз деп таныған қаржы басқарушысының қорытындысына да күмәнмен қарады. Сот алқасының пайымдауынша, бұл құжат борышкердің мүліктік және отбасылық жағдайына жан-жақты талдау жүргізілместен әзірленген.
«СОТ ШЕШІМІН КЕЙІНГЕ ШЕГЕРУДІҢ АМАЛЫ»
Бас прокуратураның Активтерді қайтару қызметінің өкілдері Нұрбол Назарбаевтың дәл осындай талаппен сотқа қайта жүгінуін жағдайды реттеуге бағытталған жаңа әрекет деп бағалауға болмайды деп есептейді.
Прокуратураның пікірінше, борышкер заңдағы тетіктерді тек активтерді өндіріп алу туралы күшіне енген сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру мақсатында ғана пайдаланып отыр.
Сот бұл уәжді де назарға алып, шешім қабылдау кезінде ескерген.
КЕДЕЙЛІГІН ДӘЛЕЛДЕГІСІ КЕЛЕТІН БАЙ АДАМ
Нұрбол Назарбаев — Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың ұлы. Ол бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған, кейін бизнеске ауысып, елдегі ең бай кәсіпкерлердің қатарына енген. 2024 жылы «Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері» рейтингінде 49-орын, ал 2025 жылы 57-орын алған. Оның байлығы шамамен 179 миллион доллар деп бағаланған.