×
469.59
536.22
5.96
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.59
536.22
5.96

Қарағанды тұрғынының үйінен Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәркіленді

Бүгін, 12:07
Қарағанды тұрғынының үйінен Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәркіленді
almaty-kansonar

Қарағанды қаласында сирек кездесетін жыртқыш құстарды заңсыз ұстап, тәлімбақ ұйымдастырған тұрғынға қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті хабарлады.

МӘН-ЖАЙ

Тергеу дерегінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясы мен Қазақстан ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі болған. Алайда ол өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ашып, табиғи ортадан алынған жыртқыш құстарды ұстаған.

Күдікті аңшылық пен қыран құстарды күтіп-баптау тақырыбындағы Instagram парақшасы арқылы сирек құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан.

ҚАНДАЙ ҚҰСТАР БАР?

Тінту кезінде оның үйінен 35 жыртқыш құс табылып, тәркіленді. Олардың арасында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатады.

Күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.

Қазір тәркіленген құстар Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағында уақытша орналастырылған. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.