Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз құрылтайшысы болған «Елбасы қоры» 2026 жылғы 9 маусымда ресми түрде таратылды. Әр жылдары бұл жеке қор арқылы бірқатар коммерциялық және коммерциялық емес актив басқарылған. Қор жабылғанымен, оның бұрынғы еншілес компанияларының көбі жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек иелері өзгерген. Қазір олардың бір бөлігі Назарбаевтың айналасына жақын адамдар мен ұйымдардың бақылауына өткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еншілес компаниялар кімнің қолына өтті?
«Елбасы қоры» жұмыс істеген жылдары оның тоғыз еншілес компаниясы болған. Қазір соның екеуі қызметін тоқтатқан, қалғандарының құрылтайшылары ауысқан. Shishkin Like арнасының мәліметінше, төрт компания 2023 жылы, тағы бесеуі 2024 жылы жаңа иелерге берілген.
Мысалы, жылжымайтын мүлік пен мейрамхана бизнесімен айналысатын Almaty Building Service компаниясы 2023 жылы Astana Art Fund жеке қорының иелігіне өткен. Бұл қор Әсел Құрманбаеваға тиесілі.
«Капитал Invest 2021», Capital Invest Developer және Smart Investments компаниялары қазір Байтау даму қорының меншігінде.
EBF Finance компаниясы «Консалтинг және стратегиялық бастамалар орталығы» қоғамдық қорына берілген. Ал мүлікті басқарумен айналысқан «Фонд-Инвест» дирекциясы Ат спорты мен фермерлікті дамыту қорының қарамағына өткен.
Vega Dom атты тағы бір еншілес компания 2024 жылы Best Capital Investment ЖШС-не берілген.
Салық берешегі туралы не белгілі?
2025 жылғы ақпанда «Елбасы қоры» салық қарызы бар ұйымдар тізімінен көрінді. Ол кезде қордың берешегі 146,6 миллиард теңге деп көрсетілген.
Алайда сәуірде бұл сома 3,4 мың теңгеге дейін азайған. Содан кейін қор салық қарызы бар ұйымдар тізімінде қайта аталмаған.
Осылайша қор 2026 жылғы 9 маусымда ресми түрде таратылғанға дейін жұмысын жалғастырып келген.