Қазақстандықтар шетелден алатын қаражатына қарағанда, сырт елдерге әлдеқайда көп ақша аударып жүр. Бұл үрдіс қатарынан үшінші жыл сақталып отыр. Дегенмен халықаралық ақша аударымдарының жалпы көлемі біртіндеп азайып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақша аударымдары азайған
Биылдың алғашқы бес айында қазақстандықтар ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 238 млрд теңге жіберген. Бұл былтырмен салыстырғанда 7,2 пайызға аз.
Ал осы аралықта шетелден Қазақстанға 78,1 млрд теңге түскен. Бұл көрсеткіш бір жылда шамамен 10 пайызға кемігені Ranking деректерінде көрсетілген.
Соған қарамастан, шетелге жіберілген және елге түскен қаражат арасындағы айырмашылық әлі де үлкен. Қазір қазақстандықтар сырттан алатын ақшасына қарағанда, шетелге шамамен үш есе көп қаражат аударады.
Ақша қай елдерге жіберіледі?
Қазақстаннан жіберілетін ақшаның ең үлкен бөлігі әлі де Ресейге тиесілі. Қаңтар–мамырда бұл елге 98 млрд теңгеге жуық қаражат аударылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 16 пайызға көп.
Қазір Қазақстаннан шетелге жіберілетін барлық ақшаның 40 пайыздан астамы Ресейге бағытталады.
Ал Өзбекстан мен Түркияға жасалған аударымдар айтарлықтай азайған. Жалпы көрсеткіштің төмендеуіне де осы елдерге жіберілген қаражат көлемінің қысқаруы көбірек әсер еткен.
Қазақстанға сырттан келетін ақша аударымдары бойынша да Ресей бірінші орында тұр. Алайда бұл елден түскен қаражат көлемі шамамен 14 пайызға кеміген.
Есесіне АҚШ пен Түркиядан жіберілген ақша көбейген. Соның нәтижесінде Түркия Қазақстан тұрғындары ең көп ақша алатын елдердің арасында үшінші орынға көтерілген.
2022 жылғы рекорд көрсеткіштен кейін халықаралық ақша аударымдары біртіндеп бәсеңдей бастады.