Журналист, кино, мәдениет және гендер зерттеушісі Әсия Бағдәулетқызы режиссер Кристофер Ноланның жаңа «Одиссея» фильміне талдау жасап, картинаның негізгі идеясына тоқталды. Оның пікірінше, режиссер ежелгі эпосты бүгінгі күн тұрғысынан қайта оқып, соғыстың салдары, жауапкершілік және адам таңдауының құны туралы ой қозғайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Әсия Бағдәулетқызының айтуынша, Ноланның «Одиссеясы» визуалды ауқымымен ғана емес, қазіргі әлемге қатысты өзекті ойларымен ерекшеленеді.
Журналист фильмді Вольфганг Петерсеннің 2004 жылы шыққан «Троясымен» салыстырып, екі картинаның соғысқа көзқарасы мүлде бөлек екенін айтады. Оның пікірінше, «Троя» қаһармандықты романтизацияласа, Ноланның фильмі соғыстың моральдық салдары мен адамның өз әрекеті үшін жауапкершілігіне назар аударады.
Әсия Бағдәулетқызы фильмнің негізгі идеясын қазіргі әлемдегі қақтығыстармен, соның ішінде Газадағы жағдаймен байланыстырады. Оның пікірінше, Троя соғысы да, бүгінгі қантөгістер де адамдардың тағдырын ғана емес, әлемді ұстап тұрған моральдық және құқықтық қағидаларды бұзады.
«Троя «Зевс заңдарын» бұзды, Газа халықаралық заңдарды бұзды. Бірақ түбінде екеуі де әлемді біріктіріп тұрған көзге көрінбес жіптерді қырқып жіберді», – деп жазады журналист.
Оның пайымдауынша, мұндай соғыстар әлемді Хеленнің бетіне түскен тыртық секілді мәңгі өзгертеді. Сондықтан «Одиссея» – бүгінгі адамзатқа қантөгістің салдарын, құрбандарға құрмет көрсету және жасалған әрекет үшін жауапкершілік арқалау қажетін еске салатын туынды.
«Одиссея» туралы не білгілі?
«Одиссея» – ежелгі грек ақыны Гомерге телінетін эпикалық поэма. Шамамен б.з.д. VIII–VII ғасырларда қалыптасқан шығарма 24 бөлімнен тұрады. Шығармада Троя соғысынан кейін Итака патшасы Одиссейдің туған еліне оралу жолындағы оқиғалар баяндалады.
Шығарманың жаңа кинонұсқасын ұлыбританиялық режиссер Кристофер Нолан түсірді. Ол фильмнің сценарийін де өзі жазған. Картинада Одиссей рөлін Мэтт Дэймон, Пенелопаны Энн Хэтэуэй, ал олардың ұлы Телемахты Том Холланд сомдайды.
Фильмге Роберт Паттинсон, Зендея, Лупита Нионго, Шарлиз Терон, Химеш Патель және Трэвис Скотт түскен.
«Одиссея» Гомердің ежелгі эпосын қазіргі көрерменге бейімдеп, Одиссейдің Троядан Итакаға қайтар жолындағы сынақтарын баяндайды.