×
476.07
541.86
6.08
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
476.07
541.86
6.08

«Бұдан да зор әрекетке барамын»: Думан Мұхамедкәрімнің түрмеден жазған хаты тарады

Бүгін, 11:42
«Бұдан да зор әрекетке барамын»: Думан Мұхамедкәрімнің түрмеден жазған хаты тарады
Ulysmedia.kz коллажы

Қоғам белсендісі Абзал Достияр әлеуметтік желідегі парақшасында Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы күрт нашарлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Абзал Достияр Думан Мұхамедкәрімнің өз қолымен жазған хаты қолына тигенін айтты.

«Түрмедегі журналист Думаннан жаман хабар жетіп, шұғыл жазып отырмын. Думан өмірден түңілген сияқты. Өз қолымен жазылған хат қолыма тиді», – деп жазды белсенді.

Хат мәтінінде «Мен, Мұхамедкәрім Думан Алмасұлы. Қызылордадағы №60 мекеменің карцерінде отырғаныма 1 жыл 8 айдан болды, 2024 жылғы 19 желтоқсаннан бері 8 шаршы метрлік қапастан шыққан емеспін” деп жазылған.

Думан Мұхамедкәрімнің сөзінше, 15 шілдеде екі рет көп мөлшерде дәрі ішкен. Кейін ауруханаға жеткізіліп, асқазаны шайылғанымен, бұл оқиға ресми түрде тіркелмеген. Сондай-ақ, журналист 20 шілдеде алты дана түйме батареясын, екі саусақ батареясын, оттық және өзге де заттарды жұтып қойғанын мәлімдеген.

«Отадан аман қалсам, бұдан да зор әрекеттерге барамын. Талабым – заңға сәйкес Алматы түрмесіне апарсын», – делінген хатта.

Абзал Достияр қоғам мен саяси ұйымдарды үн қатып, мәселені назарға алуға шақырды.

Думан Мұхамедкәрім не үшін сотталған?

Думан Мұхамедкәрім - тәуелсіз журналист, «Не дейді?» YouTube-арнасының авторы. Ол 2023 жылғы мамыр-маусымда бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін, маусымда қамауға алынды. Кейін оған Қылмыстық кодекстің «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» баптары бойынша айып тағылды.

2024 жылғы 2 тамызда сот Думан Мұхамедкәрімді кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, оған үш жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. 

Айта кетейік, редакция Абзал Достияр жариялаған хаттағы мәліметтерге қатысты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдады. Алайда материал жарияланған сәтте ведомстводан жауап келмеді.