Мемлекеттік телеарнада 15 жыл жұмыс істеген журналист Аслан Қаженов даудың ортасында қалды. Тілшінің айтуынша, Қазақстан спортындағы мәселелерді көтеруге тырысқаннан кейін оның мансабы мен жеке қауіпсіздігіне қауіп төнген,
Мән-жай
Дау Геннадий Головкинге қатысты жазбадан басталған. Журналистің айтуынша, жазбаны жариялаған соң оған эфирден шеттетуден бастап, қылмыстық баптар бойынша қудалауға дейін түрлі қысым жасалған. Қаженов оны ашық түрде «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыптағанын мәлімдеді.
Отбасының қауіпсіздігі үшін журналист жазбаларды өшіруге мәжбүр болған. Алайда оның айтуынша, қысым мұнымен тоқтамаған.
Қазір Асланның сөзінше, телеарна басшылығы оған қатаң таңдау қойған: не «өз еркімен» жұмыстан кету, не сотта жауап беру. Журналистің айтуынша, «Хабар» агенттігінің заңгерлері оның мәтіндерін «лупамен қарағандай» мұқият зерттеп, оған қарсы шара қолдануға себеп іздеген.
– Жапония төрінде болған жағдайды білесіздер. Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты жазбаны алмасаң эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, жазбаны алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей. Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл жазбамды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің көтіңе кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты. Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты. Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар. Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда?, – деп жазды Қаженов.
Журналист өзінің сыны тек спорт салындағы жағдайды түзетуге деген ниеттен туғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл салада Ясмина Токсанбаева, Виктория Графеева және Наталья Богданова сияқты спортшылардың жеңістері әділетсіз түрде есепке алынбай келеді.
– Сонда «Ясмина Тоқсанбаеваның, Виктория Графееваның, Наталья Богданованың жеңістерін ұрлатып, не істеп жүрсіңдер?» дегенге темір торға қамата ма? Онда біткен екенбіз ғой. Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ, обьективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін, – деп жазды журналист.
Журналисті бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев та қолдады.
– Мұндай сәтте жерлестеріміздің жанайқайын турасынан жеткізіп, халықаралық деңгейде шешуге барымызды салуымыз қажет. Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов бауырымыз ғана шындықтықты шырылдатып айтып, спортшыларымыздың мұңын мұқым елге жеткізді. “Турасын айтқан туғанына жақпайды” дегендей мәселені тереңінен зерделеп шешудің орнына Аслан бауырымызды түрлі жолмен бопсалап, әртүрлі сылтауларды алға тарта отырып, сөз бостандығынан айырып жатырмыз. Осылай жалғаса берсе талай әділетсіздікке куә боларымыз анық. Тағы бір мәселе осындай оқиғалардан кейін спортшылардың сеніміне селкеу, көңіліне қаяу түседі, – деп жазды спортшы.