Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін теңге бағамының не себепті күрт әлсірегенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДОЛЛАР НЫҒАЙДЫ
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін төмендеткеннен кейін доллар бағамы шамамен 10 теңге өсіп, 475,98 теңгеге жеткен. Бұл ретте сауда көлемі жоғары деңгейде болып, 491,6 млн доллар болды.
— Ұлттық валютаның әлсіреуі нарық қатысушыларының Ұлттық банктің ақша-несие саясатын күткеннен де агрессивті түрде жұмсартуына берген жауабы болуы мүмкін. Себебі сарапшылардың басым бөлігі базалық мөлшерлеме 17 пайыз деңгейінде сақталады деп болжаған еді, — деп түсіндірді Қаржыгерлер қауымдастығы.
Сонымен қатар долларға деген жоғары сұраныс компаниялардың ай соңындағы төлемдер үшін алдын ала валюта сатып алуымен байланысты болуы мүмкін. Бұған қоса, инвесторлар қазір тәуекелі жоғары активтерге, оның ішінде дамушы нарықтардың қаржы құралдарына қызығушылық танытып отырған жоқ.
НЕЛІКТЕН МӨЛШЕРЛЕМЕ ТӨМЕНДЕТІЛДІ?
Қауымдастықтың мәліметінше, базалық мөлшерлемені төмендетуге инфляцияның баяулауы және тұтынушылық белсенділіктің қалыпты деңгейде сақталуы себеп болған.
Алайда Ұлттық банк сақтық ұстанымын сақтап, бағаның өсу тәуекелдері әлі де басым екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін сарапшылар Ұлттық банк неге базалық мөлшерлемені төмендеткенін түсіндірген еді.