×
473.4
539.39
6.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.4
539.39
6.07

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозит пен несиеге қалай әсер етеді: сарапшы түсіндірді

Бүгін, 10:35
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі депозит пен несиеге қалай әсер етеді: сарапшы түсіндірді
Ulysmedia коллажы

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетуі депозиттердің табыстылығы мен жаңа несиелердің құнына біртіндеп әсер етуі мүмкін. Алайда мөлшерлеме небәрі 0,25 пайыздық тармаққа азайғандықтан, қаржы нарығында күрт өзгерістер болмайды. Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина айтты.

ДЕПОЗИТТЕРДІҢ ТАБЫСТЫЛЫҒЫ БІРТІНДЕП ТӨМЕНДЕУІ МҮМКІН

Сарапшының айтуынша, банктер теңгедегі жаңа депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін біртіндеп төмендетуі ықтимал. Әсіресе нарық ақша-кредит саясатының одан әрі жұмсартылуын күтетін болса, бұл үрдіс айқынырақ байқалуы мүмкін. Дегенмен банктер арасындағы салымшылар қаражаты үшін бәсекелестік мөлшерлемелерді бірден немесе толық көлемде төмендетуге мүмкіндік бермеуі ықтимал.

– Белгіленген мөлшерлемемен рәсімделген қолданыстағы депозиттер бойынша шарттар, әдетте, келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді. Сондықтан қаражатын ұзақ мерзімге орналастыруды жоспарлағандар үшін қазіргі мөлшерлемелер табыстылықты бекіту тұрғысынан тиімді болуы мүмкін. Бұл ретте, әсіресе жинақ салымдары бойынша, ақшаны мерзімінен бұрын алуға қатысты шектеулерді ескерген жөн, – дейді Венера Жаналина.

НЕСИЕЛЕР БІРДЕН АРЗАНДАЙ ҚОЙМАЙДЫ

Қаржыгердің сөзінше, жаңа несиелердің құны да уақыт өте келе төмендеуі мүмкін. Алайда бұл процесс депозит мөлшерлемелерінің төмендеуіне қарағанда баяу жүреді.

– Өйткені несие бойынша пайыздық мөлшерлеме тек базалық мөлшерлемеге ғана емес, сонымен қатар банктің қаражат тарту құнына, кредиттік тәуекелдерге, операциялық шығындарға, капиталға қойылатын талаптарға және банктің маржасына да байланысты, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол бұрын берілген несиелердің басым бөлігі бойынша шарттар өзгермейтінін атап өтті. Себебі олардың көпшілігі белгіленген пайыздық мөлшерлемемен рәсімделген.

– Төмен мөлшерлемелер банктер базалық мөлшерлеменің төмендеуіне сәйкес өз өнімдерін қайта қарай бастаған жағдайда ғана жаңа несиелерде біртіндеп пайда болуы мүмкін, – дейді Венера Жаналина.

ҚАЙ НЕСИЕЛЕР АРЗАНДАУЫ МҮМКІН?

Сарапшының пікірінше, мөлшерлемелер барлық несие түрі бойынша бірдей қарқынмен төмендемейді.

– Сонымен қатар мөлшерлемелердің төмендеуі біркелкі болмайды. Ол алдымен кепілмен қамтамасыз етілген және тәуекелі төмен сегменттерде – мысалы, корпоративтік несиелеуде, автонесиелерде және коммерциялық ипотекада байқалуы мүмкін. Ал кепілсіз тұтынушылық несиелер кейінірек арзандауы ықтимал, өйткені олардың құнының едәуір бөлігін жоғары кредиттік тәуекел мен банктердің ықтимал шығындарды жабуға жұмсайтын шығыстары құрайды, – дейді ол.

Қаржыгердің айтуынша, базалық мөлшерлеме төмендетілгеніне қарамастан, ол әлі де инфляция деңгейінен айтарлықтай жоғары.

– Тіпті төмендетілгеннен кейін де базалық мөлшерлеме қазіргі жылдық инфляция деңгейінен айтарлықтай жоғары болып отыр: олардың арасындағы айырмашылық шамамен 6,45 пайыздық тармақты құрайды. Бұл ақша-кредит шарттарының әлі де қатаң екенін және арзан ақшаның қайта оралуы туралы айтуға әлі ерте екенін білдіреді, – дейді Венера Жаналина.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, депозиттер бойынша мөлшерлемелер несиелерге қарағанда ертерек төмендей бастауы мүмкін. Ал халық пен бизнес бұл өзгерістерді толық сезінуі үшін инфляцияның тұрақты баяулауы және базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету жалғасуы қажет.