×
473.4
539.39
6.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.4
539.39
6.07

Астанадағы топан су: Өнеркәсіп министрлігі мәселені жоққа шығарып отыр

Бүгін, 14:14
Астанадағы топан су: Өнеркәсіп министрлігі мәселені жоққа шығарып отыр
әлеуметтік желі

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, Астанада нөсер кәріз жүйесін жаңғырту мен кеңейтудің әзірше қажеті жоқ. Бұл ретте қалада әрбір нөсер жаңбырдан кейін коммуналдық қиындықтар туындайды. Ал 2026 жылғы шілденің соңында кейбір көшелерде көліктер суға түгелге жуық батып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ

23 шілдеде Астанада болған топан суға қатысты журналистердің сауалына жауап берген Олжас Сапарбеков мұндай жағдай елордада жиі қайталанбайтынын айтты.

– Иә, мұндай жағдайлар болады. Біз табиғатқа тәуелді әлемде өмір сүріп жатырмыз. Кейде жауын-шашын белгіленген нормадан әлдеқайда көп түседі. Біз де осы өңірдің тұрғындары ретінде қолайсыздықты сезінеміз. Бірақ мұндай жағдайлардың қайталану жиілігі өте төмен. Сирек болатын табиғи апатқа бола бюджеттен қомақты қаражат бөліп, ауқымды инфрақұрылым салу қаншалықты қажет екенін жан-жақты бағалау, талдау және сараптау керек, – деді вице-министр.

Ал Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов кейінгі он жылда бұрын жиі су басатын 11 аумақта мәселе шешілгенін айтты.

Оның сөзінше, олардың қатарында Мәңгілік Ел және Абай даңғылдары, Пушкин көшесі, сондай-ақ 23 шілдеде қатты су басқан Бауыржан Момышұлы даңғылы да бар.

– Биыл бұл мәселені шешуге арнайы мемлекеттік қордан шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер қарастырылған, – деді Нұрсұлтан Керімқұлов.

«МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР РЕТІНДЕ ЖАУАП БЕРЕМІН»

Брифингтен кейін журналистер Олжас Сапарбековтен кейінгі стандарттарға сай жөнделген Бауыржан Момышұлы даңғылының неге үнемі су астында қалатынын және көшенің жобасында қателік жоқ па деген сұрақ қойды.

– Сіз бұл сұрақты маған мемлекеттік қызметкер ретінде қойып тұрсыз, сондықтан мен де мемлекеттік қызметкер ретінде жауап беріп отырмын. Егер мұны қарапайым азамат ретінде талқылайтын болсақ, ол басқа алаңның мәселесі, – деп жауаптан жалтаруға тырысты.

Кейін ол өз ойын толықтырып, әрі мемлекеттік қызметкер, әрі елорда тұрғыны ретінде Астанадағы құрылыс жұмыстарына көңілі толатынын айтты. Оның пікірінше, барлық құрылыс қолданыстағы талаптар мен нормаларға сәйкес жүргізіліп жатыр, ал табиғи апаттар әлемнің кез келген жерінде болуы мүмкін.

КОНТЕКСТ

23-24 шілде аралығында Астанада екі күн ішінде айлық жауын-шашын нормасының шамамен 70 пайызы түсті. Соның салдарынан қалада алып кептелістер пайда болып, бірқатар көшелерді су басып, кейбір жолдар уақытша жабылды.