×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Қазақстанда миллионнан аса адам кедейлік шегінен төмен тұрмыс кешіп отыр – Дүниежүзілік банк

Бүгін, 14:31
Қазақстанда миллионнан аса адам кедейлік шегінен төмен тұрмыс кешіп отыр – Дүниежүзілік банк
Ulysmedia.kz коллажы

Кейінгі 20 жылда Қазақстанда кедейлік шегінен төмен өмір сүретін азаматтардың үлесі 18,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін азайған. Алайда ел экономикасының өсімі халықтың тұрмыс жағдайына айтарлықтай әсер ете қоймаған. Керісінше, азаматтардың нақты жалақысы мен табысы төмендеп барады. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің қазан айында жарияланған Poverty & Equity Brief баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кедейлік деңгейі төмендеген

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2006-2025 жылдар аралығында Қазақстанда ұлттық есептеу әдістемесі бойынша кедейлік деңгейі төрт есеге жуық төмендеген.

2025 жылы елде шамамен 1,02 миллион адам, яғни халықтың 4,9 пайызы кедейлік шегінен төмен тұрмыс кешкен.

Халықаралық есептеулер де жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 2006 жылы қазақстандықтардың 55,7 пайызы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша күніне 8,30 доллардан аз қаражатқа күн көрсе, 2024 жылы олардың үлесі 13,8 пайызға дейін азайған.

Бұған негізінен еңбек табысының артуы ықпал еткен.

Алайда кейінгі жылдары кедейлікпен күрес қарқыны бәсеңдеген. Бұған пандемия, инфляция және Украинадағы соғыстың экономикалық салдары әсер еткен.

Экономика өсіп жатыр, ал халықтың табысы азайған

Сарапшылар ел экономикасының көрсеткіштері мен халықтың нақты тұрмыс деңгейі арасында алшақтық бар екеніне назар аударды.

2025 жылы Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 5,2 пайызға өскен. Алайда осы кезеңде азаматтардың инфляцияны ескергендегі нақты жалақысы 1,4 пайызға, ал нақты табысы 2,3 пайызға төмендеген.

Яғни ел экономикасы өскенімен, халықтың сатып алу қабілеті әлсіреген.

Тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы да өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

2026 жылғы шілдеде жылдық инфляция 10,2 пайызды құраған. Бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 10,1 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7 пайызға, ал қызмет көрсету ақысы 9,7 пайызға қымбаттаған.

Бағаның өсуі әсіресе табысы төмен отбасыларға ауыр тиіп отыр.

Ауылда кедейлік деңгейі жоғары

2021 жылы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, ауылдық жерлерде кедейлік деңгейі 18,8 пайызды құраса, қалаларда бұл көрсеткіш 12,6 пайыз болған.

Елде табыстың тең бөлінбеуі де өзекті мәселе болып отыр.

2024 жылы Қазақстандағы ең ауқатты ересек тұрғындардың 1 пайызы елдегі барлық табыстың 14,9 пайызын иеленген.

Ал табысы ең төмен халықтың тең жартысына жалпы табыстың 16,4 пайызы ғана тиесілі болған.

Демек, ең ауқатты ересек тұрғындардың 1 пайызы халықтың табысы ең төмен 50 пайызы алатын қаражатқа жуық табыс тапқан.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, халықаралық есептеу әдістемесі бойынша күніне 8,30 доллардан аз қаражатқа өмір сүретін халықтың үлесі 2026 жылы 9,9 пайызға, ал 2027 жылы 8,7 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін