АҚШ Украинаға қару-жарақ жеткізу мен украин әскерін даярлау жұмыстарын үйлестіретін Украина қауіпсіздігіне жәрдемдесу тобын (SAG-U) басқарудан бас тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Politico басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, Германияның Висбаден қаласында орналасқан үйлестіру тобын басқару алдағы бір жыл ішінде НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің біріне немесе Канадаға берілуі мүмкін.
Дереккөздер командалық құрамның ауысуы Украинаға әскери көмек көрсету үдерісіне әсер етпейтінін атап өтті. АҚШ Қарулы күштерінің Еуропадағы қолбасшылығы топ жұмысына қатысуын жалғастырады, ал америкалық өкіл басшының орынбасары қызметінде қалады.
НАТО өкілдері бұл шешім Еуропа одақтастарының Украинаны қолдаудағы рөлі артып келе жатқанын көрсетеді деп санайды.
Альянс өкілдерінің бірі Еуропа немесе Канададан басшы тағайындалуы серіктестердің Киевке көрсетілетін көмекті үйлестіру жауапкершілігін өз мойнына белсендірек алып жатқанын айғақтайтынын айтты.
Politico мәліметінше, одақтастардың басым бөлігі бұл қадамды қолдайды.
Украиналық шенеуніктердің бірі Еуропа елдерінің рөлі күшейсе, АҚШ-тағы саяси белгісіздікке байланысты тәуекелдер азайып, әскери логистика жеңілдей түсетінін атап өтті.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Вашингтон басқарушы рөлден бас тартқаннан кейін Батыстың Украинаға көрсететін әскери көмегінің көлемі азайып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық Киевте әлі де бар.
Украина қауіпсіздігіне жәрдемдесу тобы Ресейдің кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан кейін құрылды. Ол қару-жарақ жеткізуді үйлестіруге, украин әскери қызметшілерін даярлауға және серіктестер көмегінің логистикасын ұйымдастыруға жауап береді.