×
$
475.38
547.73
5.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
475.38
547.73
5.93

«6-қабаттан жайдан-жай секірмейді» - адвокат Белградта қаза болған қазақ қызы туралы

Бүгін, 11:46
«6-қабаттан жайдан-жай секірмейді» - адвокат Белградта қаза болған қазақ қызы туралы

22 жастағы қазақстандық Амира Қанаттың Сербия астанасы Белградта қаза болғаны жайлы ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Белгілі адвокат Бауыржан Азанов та қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ол қыз қайтыс болардан аз уақыт бұрын оның жанында болған жігіттің видеоүндеуін көргеннен кейін өзінде «өте көп сұрақ» туындағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Егер тергеуді мен жүргізсем, әлдеқашан бұлтартпау шарасын таңдар едім»

Азановтың айтуынша, куәгер баяндаған оқиға нұсқасы қарама-қайшы көрінеді және мұқият тексеруді қажет етеді. Адвокат қайғылы жағдайдың мән-жайы мен марқұммен қарым-қатынасы туралы әртүрлі мәлімет айтқан жігіттің сөздеріне күмән келтіретінін жеткізді. Оның пікірінше, бұл оқиғада түсініксіз тұстар өте көп.

– Мен осы жігіттің видеоүндеуін көрдім. Адвокат ретінде оған қояр сұрағым өте көп. Қыз неге дәл оның немесе олардың көзінше секіреді? Ол жерде екеуі болған ғой. Сұрақ өте көп. Егер, былайша айтқанда, тергеуді өзім жүргізу мүмкіндігіне ие болсам, бұл екі адамға әлдеқашан бұлтартпау шарасын таңдар едім – деді Азанов.

Сонымен қатар ол болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін объективті әрі бейтарап тергеу жүргізу қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ кінәлілер анықталған жағдайда оларды заң алдында жауапқа тарту керек екенін айтты.

Оның пікірінше, құқық қорғау органдары Амираның өмірінің соңғы минуттарында жанында болған адамдардың әрекетін жан-жақты тексеруі қажет.

– Қыз өте күмәнді, түсініксіз жағдайда қаза болды. Бұл адамға да, оның досына да қоятын сұрақ көп. Бірде қыз олардың қасына өзі келгенін айтады, кейін оны бірге тұратын адамы деп атайды, сосын қайтадан жай танысы болғанын айтады. Жалпы, ештеңені түсіну мүмкін емес. Өте оғаш жігіт, – деді адвокат.

Сондай-ақ Азанов «ешбір адам, әсіресе жас қыз, алтыншы қабаттан жайдан-жай секірмейді» деп мәлімдеді.

Қайғылы оқиға туралы не белгілі?

Еске салайық, 22 жастағы қазақстандық Амира Қанат Сербия астанасы Белградта тұрғын үйдің алтыншы қабатынан құлап, қаза тапқан.

Қыздың туыстары оның өлімі қылмыстық сипатта болуы мүмкін деп есептеп, істің мұқият тергелуін талап етіп отыр.

Бұған дейін Амира соңғы күндері тұрған пәтердегі жас жігіт оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан. Оның сөзінше, қыз балкон қоршауынан өздігінен асып түсіп, құлаған.

Кейін интернетте марқұмға тиесілі делінген жеке күнделіктің суреттері де тараған. Алайда қыздың туыстары бұл жазбалардың түпнұсқа екеніне күмән келтіріп отыр.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Сербиядағы елшілігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесіп, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатқанын хабарлаған. Дипломаттар марқұмның отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.

Қазір Сербияның тергеу органдары тексеруді жалғастырып жатыр. Амира Қанаттың өлімінің нақты себебі немесе күдіктілердің бар-жоғы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.