Ақтөбе облысында 15 жастағы мектеп оқушысы көршісінен зорлық көргеннен кейін әлеуметтік желілерде жаппай қорлауға тап болған. Блогерлер түсірген видео әлеуметтік желіде тарап кеткен соң, қыздың психологиялық жағдайы күрт нашарлап, үйден қашып кеткісі келген. Тіпті өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлаған. Осыдан кейін оның туыстары полицияға қайта жүгінуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қыздың әпкесі Ақмарал Әжіғалиеваның айтуынша, ауылға блогерлер келіп, оқиға туралы видео түсірген. Алайда кейін отбасының келісімінсіз түсірілген материал әлеуметтік желілерде тарап кеткен.
Осыдан кейін кәмелетке толмаған қызға қатысты жағымсыз пікір көбейген. Кейбір ересектер оны балағаттап, «жаман қыз» деп атаған. Сондай-ақ оның ішімдік ішетіні, темекі шегетіні және жігіттермен кездесетіні туралы шындыққа жанаспайтын пікірлер жазылған.
Әпкесінің сөзінше, бұл жағдай қыздың психологиялық жағдайына ауыр әсер еткен.
– Бүкіл отбасымызбен бүгін түнде ұйықтаған жоқпыз. Қыздың өзіне бірдеңе жасап қоймай ма екен деп қорықтық. Өкіріп жылады. Ол ауылда қазір, әке-шешесін сағынып, ауылға барды. Кеше түнімен видеоқоңыраумен сөйлесіп отырдым. Бала үшін қорықтым. Қыздың үйден қашып кетіп, өзіне қол жұмсағысы келді, бірақ оны шығармайын деп отырмыз. Қасында отырған соң ештеңе істеген жоқ. Бала кішкентай, соншама қысып көрген соң не істерін өзі білмейді, – деді Ақмарал Әжіғалиева.
Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін күдіктінің жақындары да олардың үйіне келген. Олар кешірім сұрап, қызды күдіктімен некелестіруді ұсынған.
– 12 маусымда кешірім сұрап келді. «Кешіріңдерші, бірдеңе істейік, оларды үйлендірейік, біз тойды өзіміз көтереміз не ақша берейік дейді. Өзім де, ата-анам да бізге сендердің ақшаларың керек емес деп айттық. Біз баланы заң жүзінде жазалаймыз, бұлай қалдырмаймыз. Иә, тек ақшаны құптайтын отбасы болсақ, бұл жерде ақша алуға болар еді. Әкем не інім ана жігітті ұрып-соғып, өлтіріп тастауы да мүмкін еді. Бірақ біз заңға сеніп отырмыз ғой. Біз заңға, әділетке сенген адамдармыз. Себебі бәріміз оқығанбыз, көзіміз ашық. Ауылға да өсек таратып, жайып салған жоқпыз. (...) Біз балағаттап жатқан адамдар жазасын алып, таратқан видеоларын өшірсін деп талап етіп отырмыз, – деді қыздың әпкесі.
Отбасының адвокаты Данияр Сүндетбаевтың айтуынша, мектеп оқушысы болған жағдайдан кейін ауыр психологиялық күйзелісті бастан өткерген. Оның сөзінше, блогерлер әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан. Осыған байланысты қыздың отбасы құзырлы органдарға арыз түсірген.
Іс бойынша не белгілі?
Бұған дейін Ulysmedia.kz Ақтөбе облысында 15 жастағы мектеп оқушысын 22 жастағы көршісі зорлағанын хабарлаған еді. Қыздың ата-анасы күдіктінің бостандықта жүргеніне алаңдаған еді.
Осы материал жарияланғаннан кейін Ақтөбе облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Қазір ол қамауда отыр.
Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігі («Зорлау») бойынша тергеліп жатыр.