Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры ауысуы мүмкін. Қазіргі басшы зауытты бір жылдан сәл астам уақыттан бері басқарып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Зауытты кім басқарады
Жағдайдан хабардар дереккөздің мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Қуаныш Бишімов жақын арада қызметінен кетуі мүмкін. Ол кәсіпорынды 2025 жылғы 10 сәуірден бері басқарып келеді. Бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауытына жетекшілік еткен.
Қуаныш Бишімов бас директор қызметінде ұжыммен қақтығыстарымен және өндірістегі тұрақты апаттарымен есте қалған Ғалымжан Жусанбаевтың орнына келген.
Бишімовтің басшылығы кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай өндірістік және әлеуметтік тұрғыдан едәуір тұрақтанған. Кем дегенде, ол зауытты басқарған кезеңде ірі апаттар мен төтенше жағдайлар болмаған.
Басшылық не себепті ауысуы мүмкін
Атырау мұнай өңдеу зауытындағы басшылықтың ауысуына не себеп болғаны әзірше белгісіз.
Алайда бірнеше жылдан бері кәсіпорынды жекешелендіру және оны шетелдік инвесторға сату мүмкіндігі туралы ақпарат тарап келеді.
Сонымен қатар зауыттағы бас директорлар қызметінде ұзақ тұрақтамайды. Егер Қуаныш Бишімовтің қызметтен кететіні расталса, одан кейінгі басшы кейінгі бес жылдағы зауыттың алтыншы директоры болады.
Дереккөздің айтуынша, қазір зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде мұнай өңдеу көлемін қазіргі 5,5 млн тоннадан 6,2-6,7 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Бұл – ірі тендерлермен байланысты және кәсіпорын басшылығынан жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды процесс.
Бишімовтің орнына кім келуі мүмкін
Қуаныш Бишімовтің орнына келуі мүмкін негізгі кандидат ретінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры Мұратжан Мұсайбеков аталып отыр.
Мұсайбеков 52 жаста. Оның үш жоғары білімі бар: экономикалық, заңгерлік және мұнай-химия салаларында.
Еңбек жолын салық инспекторы болып бастаған. Кейін тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істеген. 2006-2008 жылдары «Васильевский ГОК» АҚ атқарушы директоры, ал 2008-2009 жылдары «Алтыналмас АК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған.
«ҚазМұнайГаз» құрылымдарында 2009 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Ол «ҚМГ–ПМ» АҚ-да (ҚМГ-ның бұрынғы еншілес ұйымы) бірқатар басшылық қызмет атқарған. 2018 жылдан бері Атырау мұнай өңдеу зауыты басқармасының құрамына кіріп, бас директордың корпоративтік басқару жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған.
Ал «ҚазМұнайГаздағы» мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директор қызметін 2019 жылдан бері атқарып келеді.