×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

«Өзгелер ішпесін деп»: қырғызстандықтар ішімдікті жаппай сатып алып, төгіп жатыр

Бүгін, 14:52
«Өзгелер ішпесін деп»: қырғызстандықтар ішімдікті жаппай сатып алып, төгіп жатыр
Видео кадры

Қырғызстанда ішімдікке қарсы ерекше челлендж кең тарап жатыр. Оған қатысушылар дүкендерден арақ, сыра, шарап пен виски сатып алып, бөтелкелерді сол жерде ашып, төгіп тастайды. Белсенділер осылайша ішімдіктің тым болмаса бір бөлігі тұтынушыларға жетпейді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

«Азаттық радиосы» мәліметінше, әлеуметтік желіде ішімдікті төгіп жатқан видеолар тарағаннан кейін жұрттың пікірі екіге жарылды.

Бірі бұл бастаманы қолдап, ішімдікті отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылық және басқа да мәселелердің бір себебі деп санайды.

Енді бірі тауардың ақшасы төленіп қойғандықтан, өндірушілер мен сатушылар бәрібір пайдасын көріп отыр дейді.

Бәрі сүрілетін дүкеннен басталды

Бұл бастама тосыннан пайда болған.

Бішкектегі Керим Жунушовтың шағын азық-түлік дүкені сүрілетін нысандардың қатарына кірген. Қолындағы тауарын сата алмай, шығынға батпау үшін кәсіпкер оқырмандарынан қалған өнімдерді сатып алуға көмектесуін сұраған.

Жұрт дүкендегі тауарларды жаппай сатып ала бастаған: бірі балмұздақ алса, енді бірі консервілер мен печеньелерді алып кеткен.

Кейін оқырмандар ішімдікті де осылай сатып алып, бірақ оны ішпей, төгіп тастауды ұсынған.

– Маған көп адам: «Арақты неге өзің-ақ төгіп тастамайсың?» деп жазды. Мен: «Онда несиемді қалай жабамын? Бұл тауарды қарызға алған ақшаға сатып алдым ғой», – деп жауап бердім. Сонда бір адам ішімдікті төгіп тастау үшін сатып алуды ұсынды. Әрине, келістім, – дейді Жунушов.

Осылайша қарапайым тауар сату науқаны челленджге айналған.

Адамдар ішімдікті мыңдаған сомға сатып алып, бірден төгіп жатыр

Әлеуметтік желіде адамдардың ішімдікке ақша төлеп, оны сол жерде үлкен ыдыстарға төгіп жатқан видеолары тарай бастады.

Қатысушылардың бірі 6 мың сомға (32 мың теңгеден астам) ішімдік сатып алған.

Тағы бір жолы мұсылман әйел 10 мың сом (53,5 мың теңге) аударып, дүкен иесінен сол ақшаға алынған арақты төгіп тастауды сұраған.

Ол мұндай қадамға баруын ішімдік отбасындағы ұрыс-керіс, жанжал мен түрлі бақытсыздықтарға себеп болады деген пікірімен түсіндірген.

Кейбір қатысушылар аты-жөнін жарияламауды жөн көрген. Олар кәсіпкерге ақша аударып, Жунушов сол сомаға тиесілі ішімдікті өзі төгіп отырған.

Кәсіпкердің айтуынша, осындай акциялардың бірінде 200 литрдей ішімдік төгілген. Оның арасында арзан арақтан бастап шампан мен қымбат вискиге дейін болған.

Осыдан кейін Жунушов дүкенде қалған ішімдікті тек төгіп тастау үшін сатуға шешім қабылдаған.

Сондай-ақ ,ол болашақта қайта дүкен ашса, ішімдік сатудан мүлде бас тартуы мүмкін екенін айтады.

«Төгілген әр бөтелкені енді ешкім ішпейді»

Челленджге кәсіпкер Айбек Кадырбеков те қосылған.

Ол мұндай әрекет ішімдік өндірісін тоқтату мүмкін емес екенін мойындайды. Дегенмен бұл бастаманың пайдасы бар деп есептейді.

– Төгілген әр бөтелкені енді ешкім ішпейді. Демек, бір адам кейін өкініп қалатын әрекетке бармай қалуы мүмкін, – дейді ол.

Кадырбеков мысал ретінде Ыстықкөл облысындағы туған ауылы Шор-Бұлақты келтірді. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын ауылда арақ сатуды тоқтатқан.

Кәсіпкердің сөзінше, жақын маңдағы дүкендерде ішімдіктің сатылмауы жергілікті тұрғындардың әдетіне шынымен әсер еткен.

Қырғызстанда ішімдікті бульдозермен де жойған

Мұндай акциялар Қырғызстанда бұған дейін де өткен.

2017 жылы бірнеше ауылдың тұрғындары елді мекендерін ішімдіксіз аймаққа айналдыруға шешім қабылдаған.

Жұрт ақша жинап, дүкендердегі ішімдікті сатып алған. Кейін оны далаға апарып, ауыр техникамен жойған.

Осыдан кейін кейбір дүкен иелері енді арақ сатпауға уәде берген.

Нарын облысындағы Эмгекчил ауылында мұндай бейресми тыйым әлі күнге дейін сақталған. Бұл туралы жергілікті белсенді Жаныбек Сопуев айтқан.

Оның сөзінше, ауылда ішімдік сатуға шектеу қойылғалы мас күйдегі ұрыс-керіс пен жанжал азайған.