×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Ирандағы соғыс салдарынан АҚШ-тың қару-жарақ қоры азайып барады - NYT

Бүгін, 17:20
Ирандағы соғыс салдарынан АҚШ-тың қару-жарақ қоры азайып барады - NYT
br.az

Иранмен соғыс салдарынан АҚШ-тың кейбір қару-жарақ қоры едәуір азайған. The New York Times мәліметінше, әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымырандары мен алыс қашыққа дәл соққы жасайтын оқ-дәрілер тез таусылып барады. Кей қару түрлерін Еуропа мен Азиядағы қордан алуға тура келген, ал арсеналды бұрынғы деңгейге жеткізуге бірнеше жыл кетуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Соғыс басталғалы Вашингтон Иранға соққы жасауға және жауап шабуылдарын тойтаруға мыңдаған қымбат зымыран жұмсаған. Олардың кейбірін өндіру бірнеше жылға созылады, өйткені күрделі бөлшектері әртүрлі елден жеткізіледі.

Әсіресе Patriot зымырандарының қоры қатты азайған. NYT дереккөздерінің мәліметінше, соғыс кезінде мұндай 1,5 мыңнан астам тосқауылдаушы зымыран пайдаланылған. Қазір АҚШ-та олардың 1,7 мыңға жетпейтіні қалған.

Өндіріс қарқыны күшейтілген күннің өзінде, жұмсалған қорды қалпына келтіруге екі жылдан астам уақыт кетуі мүмкін.

Пентагонға басқа өңірлерден Таяу Шығысқа кемелер, ұшақтар және әуе қорғанысы бөлімдерін ауыстыруға тура келген. Соның салдарынан АҚШ-тың Еуропа мен Азиядағы әскери мүмкіндігі әлсіреген.

Трампқа қауіп туралы алдын ала ескерткен

NYT мәліметінше, соғыс басталар алдында АҚШ Қарулы күштері штабтар бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейн Дональд Трампқа қару-жарақ қоры онсыз да азайып отырғанын және оны одан әрі жұмсау қауіп тудыратынын ескерткен.

Соған қарамастан Трамп операцияны бастау туралы шешім қабылдап, соғыс тез аяқталады деп есептеген.

АҚШ пен Израиль Иранға 28 ақпанда шабуыл жасады. Сол кезде Трамп соғыс бірнеше аптада аяқталатынын айтқан еді. Алайда қақтығыс бес айдан астам уақыттан бері жалғасып келеді.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, оқ-дәрі тапшылығы шілденің аяғында президенттің жаңа ауқымды бомбалау науқанынан бас тартуына әсер еткен себептердің бірі болған.

Украина тапшылықты сезіне бастады

Ең айқын салдардың бірі – Украинаға әуе қорғанысы зымырандарының аз жеткізілуі.

Владимир Зеленскийдің айтуынша, 2026 жылы Батыс елдері Киевке былтырғыдан шамамен үш есе аз әуе қорғанысы зымыранын беріп отыр.

Осы аптада Украина Ресей ұшырған 28 зымыранның бірде-бірін атып түсіре алмаған. Соның салдарынан кемінде 17 адам қаза тапты.

Киев жаңа жеткізілім сұрағанда, Трамп АҚШ-тың өзіне де зымыран қажет екенін айтқан.

Алыс қашыққа арналған зымырандар да азайып барады

АҚШ-та әлі де бұрынғы үлгідегі оқ-дәрілер өте көп. Соның ішінде 100 мыңнан астам басқарылатын әуе бомбасы бар.

Алайда NYT атап өткендей, оларды қолдану үшін ұшақтар нысанаға жақынырақ баруы керек. Ресей немесе Қытаймен қақтығыс туындаса, бұл әлдеқайда қауіпті, өйткені бұл елдердің әуе қорғанысы жақсы дамыған.

Иранмен соғыс кезінде ATACMS және Precision Strike Missile секілді кей алыс қашықағы жүйелердің қоры едәуір азайған.

Қару Азиядағы қордан алынып жатыр

Вашингтонды әсіресе Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы жағдай алаңдатады.

Тайвань төңірегінде Қытаймен ықтимал қақтығысқа арнап сақталған қордан Таяу Шығысқа Tomahawk және басқа да алыс қашықтағы зымырандар жеткізілген.

Оңтүстік Корея мен Азияның басқа елдерінен де жүздеген заманауи әуе қорғанысы зымыраны әкетілген.

Бұған қоса, аймаққа әуе кемесі тобы мен бірнеше заманауи эсминец жіберілген.

NYT дереккөздерінің айтуынша, осының салдарынан қазір Оңтүстік Кореядағы америкалық әскер КХДР-мен қақтығыс бола қалса, бұрынғыдан осалырақ болуы мүмкін.

Ресей мен Қытай жағдайды бақылап отыр

АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, Мәскеу мен Бейжің америкалық қару-жарақ қорының жай-күйін мұқият бақылап отыр.

Олар ашық деректерді, спутниктік барлауды және басқа да ақпарат көздерін пайдаланады.

Сарапшылардың пікірінше, Иранмен соғыс неғұрлым ұзаққа созылса, бұл Ресей мен Қытайға соғұрлым тиімді.

«Соғыс созылған сайын АҚШ үшін оқ-дәрі мәселесі қиындай береді, ал осалдық кезеңі айқынырақ көрінеді», — деді сарапшы Тодд Харрисон.

Ал Дара Массикот Ресей Иранмен соғыс басталмай тұрып-ақ АҚШ-тың қару өндірісін тез арттыру мүмкіндігіне қатысты бағасын қайта қарастыра бастаған болуы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, егер Мәскеу америкалық арсенал баяу қалпына келеді деген қорытындыға келсе, бұл НАТО-мен күш арақатынасына деген көзқарасына әсер етуі мүмкін.

Ақ үй қару тапшылығын жоққа шығарды

Трамп әкімшілігі АҚШ-та кез келген операция жүргізуге жететін қару бар деп мәлімдеп отыр.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт америкалық қорғаныс компаниялары қазір бұрынғыдан көбірек оқ-дәрі шығарып жатқанын және өндірістік қуатын ұлғайтып отырғанын айтты.

Пентагон да қару-жарақ жетіспейді деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.