Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың Абай туралы айтқан сөзі қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Қоғам белсенділері мен журналистер саясаткердің пікірін орынсыз деп бағалап, оны сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желідегі пікірлер
Ақын, мемлекеттік қайраткер, Мәжілістің экс-депутаты Қазыбек Иса саясаткердің сөзін қатты сынға алып, оның Абайдың шығармашылығына материалдық тұрғыдан қарағанын айтты. Ол Қожаназаровтың сөзін қазақ руханияты мен әдебиетіне жасалған орынсыз баға деп есептейді:
– Бүгін Ұлы Абайдың туған күнінде дана ақынға қара бояу жаққан “Республика” партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров болды!
“Абайды - Абай қылған Құнанбайдың малы! Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмас еді!”-деп соғып тұр ғой сабазың бір кісінеп қойып?! Масқара!
Дана Абайдың дарынын Құнанбайдың малымен есептейтін, қасиетті қазақ әдебиетіне, киелі пәкизат өнер поэзияға материалдық, яғни малдық сана, дүниеқоңыздық пиғылмен ғана қарайтын руханияттан жұрдай сауатсыздар қалай партия басқарып, тіпті парламентте болып келген?!.
Бұл дана Абайдың ұлы жырына Құнанбайдың малының көзімен қарау! – деп жазды ол.
Ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы да депутаттың сөзін сынап, оның Абайдың туған күнінде айтылғанына назар аударды. Ол мұндай мәлімдеме саясаткердің беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін меңзеді.
– “Абайға айналайын, абайлап бар” деп еді Исраил Сапарбаев тоқсаныншы жылдарда Маралтайға жазған атақты өлеңінде.
…Айдарбекке солай айтатын ешкім болмағаны-ау, ә?
Дәл Абайдың туған күнінде “…бүлдіргені” несі?!
Саясаткер ретінде саудасы бітті-ау енді, – деді ол.
Кәсіпкер, қоғам қайраткері Мейрамгүл Қабдығалиева Respublica партиясы жетекшісінің сөзін ұят деп бағалап, Абайдың ұлылығын оның әкесінің байлығымен байланыстыруға болмайтынын айтты.
– Масқара! Ұят! «Respubliсa» партиясы жетекшісінің сөзі үлкен ұят!
Особенно стыдно от того, что в день рождения великого Абая мы слышим: «Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы».
Абайды Абай қылған оның ақылы, білімі, таланты, ойы, халыққа айтқан сөзі, адамзатқа қалдырған мұрасы.
Егер Абайдың ұлылығын мойындау үшін біреудің байлығына сүйену керек болса, онда біз Абайды емес, өзіміздің тарихи санамыздың қаншалықты таяз екенін көрсетеміз, – деді Мейрамгүл Қабдығалиева.
Журналист Сәкен Ділдахмет те саясаткердің Абай туралы айтқан пікірін орынсыз деп бағалады.
– Осы біздің жұрт Абай туралы айтқыш. Білсе де, білмесе де көсіледі. Ұлы ақынның жетістігіне әкесінің малының арқасы деп сайрады. Не деген ақыл десеңізші!
Алды артына қарамай айта салыпты.
Мұндай сөзі көк тиын. Өздерінің қазақ қоғамына тигізген пайдасы да жоқ. Қайта оны адам қылған ауыл шаруашылыққа бөлінген субсидия ғой, – деді ол.
Журналист, продюсер, жазушы және сценарист Арман Сқабылұлы да Қожаназаровтың пікірін мысқылмен сынап, оның сөзін Абайдың туған күнінде айтуын орынсыз деп атады.
– Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы! Себебі, уақыты болмай қой бағып кететін еді” деп жаңалық ашты бүгін білдей партия лидері Айдарбек Ходжаназаров.
Не дейік, ұлы ақынның өз сөзімен айтсам “бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым, жалма-жан”. Ұят-ай!, – деді журналист.
Ал журналист, тележүргізуші Гүлмира Әбіқай да саясаткердің логикасына қатысты сұрақ қойып, партия мен Абайдың қалыптасуын салыстырды.
“Е, де) Енді бұл жігіттерді партия қылған ақшасы ғой, әркім өз деңгейімен бағалайды
Онда қазір Құнанбайды 1000 есе орап алатындардың баласы неге Абай емес, – деді Әбіқай.
Феминист, гендерлік теңдік және гендерлік экономика бойынша сарапшы, оқытушы Әйгерім Құсайынқызы саясаткерлердің кей жағдайда сөз сөйлемей қалғаны әлдеқайда орынды болуы мүмкін екенін айтты.
– Жағын ашса, алысқа шаппайтындар көрініп қала береді екен
Кейде үнсіз қалу ақылды көрінеді
кейде емес, кей адамдар үшін үнемі, – деді ол.
Контекст
Айдарбек Қожаназаровтың бұл пікірі кезекті сайлауалды пікірсайыста айтылды. YouTube платформасында тікелей эфирде өткен дебатта Respublica партиясының төрағасы «Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаевамен пікірталасқа түскен.
Дебат барысында Қожаназаров партиясының бағдарламасын түсіндіруге тырысып, ауқатты кәсіпкерлер санының артуы елдің өркендеуіне тікелей әсер ететінін дәлелдеуге тарихи мысал келтірген.
Саясаткердің айтуынша, Құнанбайдың мал-мүлкі Абайға білім алып, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік берген.
– Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы. Егер де Құнанбайдың малы болмаса, Абай Абай болмас еді, себебі оның уақыты болмас еді – мал бағатын еді,, – деді ол.
Қожаназаров бұл мысалды келтіре отырып, партиясының мақсаты елде ауқатты кәсіпкерлердің қатарын көбейту екенін айтқан. Оның пайымынша, елде «Құнанбайлар» көбейсе, олардың арқасында «Абайлар» да көп болады.