×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Тоқаев Путин туралы: «Бүкіл әлем үшін ең қолайлы тұлға»

Бүгін, 23:00
Тоқаев Путин туралы: «Бүкіл әлем үшін ең қолайлы тұлға»
Ulysmedia.kz коллажы

Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тоқаев Путинмен жақсы қарым-қатынаста екенін әрі оны «аса көрнекті мемлекет қайраткер» деп санайтынын айтты.

 –  Бүгінгі таңда Ресейдің мемлекет басшысы ретінде Путин – қаншалықты оғаш естілсе де, меніңше, Орталық Азия мен Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға екеніне толық сенімдімін. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойында тарихы күрделі алып мемлекетті басқаруға ең қажетті қасиеттердің бәрі бар, – деді Қазақстан басшысы.

Сонымен бірге Тоқаев халықаралық басты мәселе бойынша Қазақстанның ұстанымын айқын білдірді. Ол еліміздің БҰҰ Жарғысын жүйелі түрде ұстанатынын және барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципін сақтауды талап ететінін атап өтті. 

– Әрине, бәріміз де болып жатқан жағдайға алаңдаймыз. Әу бастан-ақ Қазақстан БҰҰ Жарғысының ережелерін берік ұстанатынын және барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы принципін құрметтеу мен сақтауды талап ететінімізді айтқан болатынмын. Мен бастапқыдан-ақ украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне және, әрине, украин тіліне зор құрметпен қарайтынымызды мәлімдедім, – деп атап өтті Тоқаев.

Омбыдағы ұсыныс 

Еске салайық, 25 шілдеде Омбыда Владимир Путинмен кездескенде Қасым-Жомарт Тоқаев ресей-украин қақтығысын уақытша тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0» бойынша келіссөздерге қайта оралуды ұсынды.

Ол кезде Президент бұл мәселеге қатысты АҚШ пен Еуропа тарапынан белгілер түсіп жатқанын айтқан еді. Кездесуден кейін Кремль Тоқаевтың бұл ұстанымы бұрыннан белгілі әрі жүйелі екенін, бірақ Мәскеу бұған келіспейтінін білдірді. Кейінірек Путин де Ресейдің мақсаты қақтығысты уақытша тоқтату емес, оны түбегейлі аяқтау екенін мәлімдеді.

Германияға сапар

Қазір Қазақстан президенті Германияда ресми сапармен жүр.

Бұдан бұрын Қазақстан мен ГФР  басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты. Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды.

Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, сапар аясында Тоқаев Германияның іскер орта өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Deutsche Bahn басшылығымен жолаушылар тасымалын және контейнерлік логистиканы дамыту мәселелері талқыланды. Rhenus Group компаниясымен Ақтау портында мультимодальды хаб салу және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жайы сөз болды. Ал Wilo Group-пен Алматы облысындағы сорғы жабдықтары өндірісін кеңейту мәселесі қарастырылды.