Көкшетаудағы Застанционный шағынауданының тұрғындары ePetition.kz платформасында қала әкіміне петиция жолдап, ауыр арнайы техника мен жүк көліктерінің шағынаудан арқылы транзитпен жүруіне дереу тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балаларға қауіп және үйлердегі жарықтар
Тұрғындардың айтуынша, шағынаудан көшелері ауыр жүк көліктерінің күн сайынғы транзиттік қозғалысына мүлдем бейімделмеген. Жолда «жасанды жол кедергілері», бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің болмауына байланысты балалар күн сайын мектепке барар жолда қауіппен бетпе бет келіп отыр.
Сонымен қатар ауыр жүк көліктері асфальтты ойып, жол бетінде терең іздер қалдырып жатыр. Ал көліктердің үздіксіз қозғалысынан пайда болатын діріл жеке үйлердің іргетасы мен қабырғаларында жарықтардың пайда болуына себеп болып отыр.
— Біздің тұрғын ауданымыз қауіпті тасжолға айналды. Көшелерімізде бірде-бір «жасанды жол кедергісі» жоқ, бағдаршамдар мен ауыр көліктердің қозғалысын шектейтін нақты белгілер де орнатылмаған. Жолда қайғылы жағдай болғанын күтпей, қазірден бастап шара қабылдауды сұраймыз! Жүк көліктерінің қозғалысын дәл қазір шектеуді талап етеміз, — деп үндеу жасады тұрғындар әкімдікке.
Тұрғындар не талап етеді
Тұрғындар мемлекеттік органдар мен полицияға жолдаған үндеуінде бірқатар нақты талап қойды. Атап айтқанда, тұрғын аймақ арқылы ауыр жүк көліктерінің транзиттік қозғалысына толық тыйым салатын жол белгілерін орнатуды сұрады.
Сондай-ақ қауіпсіз жол инфрақұрылымын қалыптастыру — жол белгілерін салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін жасау және жасанды жол кедергілерін орнату талап етілді.
Бұдан бөлек, тұрғындар көлік жылдамдығын қатаң бақылау үшін шағынауданда жол полициясының патрульдік бақылауын күшейтуді сұрап отыр. Сонымен бірге шағынауданды айналып өтетін толыққанды айналма жолды жобалап, салуды талап етті.
Жарияланған кезде петиция 2 мыңнан астам қаралым жинап, 59 адам қол қойған.