Жезқазғанда 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жоспарланып отыр. Спорт инфрақұрылымын дамыту туралы меморандумға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Екі ауқымды жоба
Қазір «Қазақмыс» пен облыс әкімдігі аталған екі жобаны пысықтауға кірісті. Футбол стадионын 2027-2028 жылдары салу жоспарланып отыр. Жабық нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептеріне жыл бойы жаттығу өткізіп, ойындар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұнда облыстық және республикалық жарыстар өткізуге болады. Сонымен қатар әмбебап форматтағы стадион ірі қоғамдық және мәдени іс-шараларға да пайдаланылмақ.
– Бұл нысандар қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға жаңа мүмкіндіктер беріп, спортпен тұрақты айналысуына жол ашады. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл және 2027 жылы өңірімізде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның 25-тен астам ірі нысанының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Басты міндетіміз – облысқа инвестиция тартудың жоғары қарқынын сақтап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың халыққа нақты пайдасын қамтамасыз ету, – деді облыс әкімі Есет Байкен.

Теннис орталығын 2026-2028 жылдары салу көзделген. Жобаға жабық және ашық корттар, әкімшілік-тұрмыстық кешен, жаттығу залдары, спортшыларға медициналық көмек көрсету және оңалтуға арналған бөлмелер кіреді. Орталықты Жезқазғанда, әсіресе балалар мен жастар арасында теннисті дамытуға арналған негізгі база ретінде қалыптастыру жоспарланып отыр.
– «Қазақмыс» үшін Ұлытау облысы – компанияның негізгі қатысу өңірлерінің бірі. Мұнда біздің қызметкерлеріміз, олардың отбасылары тұрады, балалары өсіп келеді. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер жасау біз үшін ерекше маңызды. Әңгіме жай ғана жаңа ғимараттар салу туралы емес. Біз тұрғындарға қажет әрі өңірге ұзақ жылдар бойы қызмет ететін инфрақұрылым қалыптастырғымыз келеді, – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Жобалау жұмыстары басталады
Қазір «Қазақмыс» пен әкімдік жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауға кіріседі. Алдағы уақытта техникалық-экономикалық параметрлер анықталып, сәулеттік шешімдер таңдалады және болашақ нысандардың нақты сипаттамалары әзірленеді.
Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін стадион мен теннис орталығын қаржыландыру компанияның өңірдегі әлеуметтік инвестицияларының жалпы бюджетіне қосымша енгізіледі.
Сонымен қатар 2026-2027 жылдары «Қазақмыс» Жезқазғанда басқа да жобаларды жүзеге асырып, дайындауды жоспарлап отыр. Компания мешіт пен конгресс-орталық салуды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды, мәдениет нысандарын жөндеуді және Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыруды көздеп отыр.