Әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі, танымал продюсер Қанат Айтбаев мектептердегі «Қазақ тілі» пәнінің атауын өзгертуді ұсынды. Ол бұл бастама өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға ықпал етеді деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Еліміздегі мектептердегі оқу кестесінде қазақ тілі сабағын жай ғана «Қазақ тілі» демей, «Мемлекеттік тіл сабағы» деп атаған жөн. Бұлай атау – мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін, оның аса маңыздылығын күнделікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді», – деп жазды ол Facebook-парақшасында.
Қанат Айтбаев мемлекеттік тіл пәніне деген жауапкершілікті де күшейту қажет деп санайды.
«Кітаптың мұқабасында «Қазақ тілі» деп жазылған мемлекеттік тіл сабағына немқұрайлы қараудың немесе жөнді қатыспай, нашар баға алудың қандай болатынын ойлап көріңіз? Бұл – мемлекетке, мемлекеттік тілге құрметсіздік және сауатсыздық болады емес пе? Қай бала ондай қатарда жүргісі келеді?» – дейді продюсер.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік тілден тапсырылатын емтихан нәтижесінің жоғары оқу орнына түсу кезінде маңызды көрсеткіштердің бірі болуы керегін айтты.
«Мемлекеттік тіл сабағынан тапсырылатын емтиханда қойылатын баға оқушының жоғары оқуға түсуі үшін қажет ең маңызды көрсеткіштердің бірі болуға тиіс. Осы бағытпен жүрсек, әнұранды балабақша кезінен жаттап өскендей, балалар мемлекеттік тілге де үлкен құрметпен қарауды үйренеді», – деп атап өтті Айтбаев.
Продюсердің бұл жазбасына шетелдік қолданушылар да пікір жазған.
«Балалардың өз мәдениеті туралы толық білім алу құқығы әрқашан басымдық берілуі керек, Мексикада ана тілдерінің жоғалмауын қамтамасыз етуге тырысамыз, бұл – күнделікті күрес», «Қазақ халқының өз болмысын, тілін, мәдениетін қалпына келтіру үшін алаңдаушылық пен күресін ашып көрсету өте асыл көрініс. Бөліскеніңізге рахмет, Қанат мырза!», «Өте дұрыс олар шынайы болмысын, тамырын жоғалтпайды», – дейді олар.
Ал кейбірі Қанат Айтбаевқа қарсы шығып, бұл пікірін сынап жатыр.
«Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» деген атауды өзгерту дұрыс емес. Керісінше пән мұғалімдерінің жауапкершілігі арттырылсын! Орыстілді мектептерде қазақ тілін оқыту көбіне көзбояушылықпен баға қоюмен шектеледі. Осы тексерілсін!» «Дұрыс емес, ойланыңдар! «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» деген оқулықтарды да «Мемлекеттік тіл» дейміз бе? «Қазақ тілі» сабағын «Мемлекеттік тіл» сабағы деу, ілгерілеу емес, кері кету. «Қазақ тілі» деген ұлы сөзден өз еркіңмен бас тарту», – делінген.
Еске салайық, жаңа Конституция бойынша қазақ тілі Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік тіл болып қала береді. 9-баптың 2-тармағында бұрынғы «тең» сөзінің орнына «қатар» сөзі қолданылған. Яғни мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.