×
$
460.13
532.6
5.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
460.13
532.6
5.42

111 жыл болмаған: Қазақстанда аптап ыстықтан тарихи рекорд жаңарды

Бүгін, 15:12
111 жыл болмаған: Қазақстанда аптап ыстықтан тарихи рекорд жаңарды
Marccophoto/Getty Images

2026 жылдың шілдесі Қазақстанда аптап ыстық пен бірқатар температуралық рекордтармен есте қалды. Шымкентте 1915 жылдан бері сақталған көрсеткіштер жаңарса, Түркістанда ауа температурасы +48 градусқа жуықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«Қазгидрометтің» мәліметінше, шілде айында елдің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-4 градусқа жоғары болды. Температуралық рекордтар тек оңтүстік өңірлерде ғана емес, Алматы, Астана және Өскемен қалаларында да тіркелді.

Аптап ыстықтың ең күшті толқындарының бірі Шымкентке келді. 16-20 шілде аралығында қалада ауа температурасы +45,2 градусқа дейін көтерілді.

16 және 17 шілдеде 1915 жылы орнатылған рекордтар жаңарды. Ол кезде осы күндері ең жоғары температура тиісінше +41,1 және +40,1 градус болған. Ал жаңа көрсеткіштер +41,3 және +43,1 градусқа жетті.

2019 жылғы рекордтар да жаңарды. 19 шілдеде қалада +45 градус, ал 20 шілдеде +45,2 градус тіркелді.

Түркістанда +47,6 градус болды

Түркістанда одан да ыстық болды. 18 шілдеде термометр бағаны +47,6 градусқа дейін көтерілді. Бұл күннің бұған дейінгі рекорды 2019 жылы тіркеліп, +43,7 градус болған.

Қызылордада 17 шілдеде ауа температурасы +45,2 градусқа жетті. Бұл 2015 жылғы +43,6 градус рекордынан жоғары.

Алматыда бірден төрт рекорд жаңарды

Алматыда бірнеше күн қатарынан тарихи максимумдар жаңартылды. 16 шілдеде қалада +38 градус, 17 шілдеде +39,2 градус болды. Ал 18 шілдеде осы күнге тән температура алғаш рет +40 градусқа жетті.

Тағы бір рекорд 20 шілдеде тіркелді – ауа температурасы +41,5 градусқа көтерілді. Бұған дейінгі көрсеткіш +39,5 градус болатын.

Осылайша, бірнеше күннің ішінде Алматыда әр жылдары орнатылған төрт температуралық максимум жаңарды.

Аптап ыстық елордаға да жетті. 14 шілдеде Астанада +38,6 градус тіркелді. Бұл күннің бұған дейінгі рекорды 1992 жылдан бері сақталып келген және +35,3 градус болған.

Өскеменде температуралық рекорд екі рет жаңарды. 2 шілдеде ауа температурасы +34,4 градусқа, ал 16 шілдеде +39,7 градусқа жетті. Екі жағдайда да 1969 жылғы көрсеткіштерден асып түсті.

Бір жерде аптап ыстық болса, енді бір жерде рекордтық жаңбыр жауды

Шілде айы тек жоғары температурамен ғана есте қалған жоқ. Көптеген өңірде жауын-шашын мөлшері норма шамасында немесе одан төмен болды. Алайда кейбір аудандарда жауын-шашын әдеттегіден бірнеше есе көп түсті.

Ең ерекше жағдай Түркістан облысының Жетісайында қалыптасты. Бір ай ішінде мұнда климаттық нормадан 15 есе көп жауын-шашын түскен. Дегенмен бұл елді мекендегі айлық норма небәрі 1 мм екенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ Тараз, Сарышаған, Шыңғырлау және Махамбетте нөсер жаңбыр жауды.

Ал 20 шілдеде Қостанай облысының Пресногорьковка ауылында тәулік ішінде 70 мм жауын-шашын түсті. Бұл жердегі айлық нормадан да көп – ол 59 мм.