Қарағандыда 28 жастағы Динара Менбаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды. 20 тамызда прокурор қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған. Бұл туралы марқұмның анасына келген хабарламада көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Соңына дейін барамын»
Марқұмның әпкесі Әсел прокурордың шешімі туралы хабарлады. Оның айтуынша, тиісті хабарлама 20 тамызда анасына келген. Скриншотта Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокуроры бұған дейін Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қылмыстық істі тоқтату туралы шығарған қаулысының күшін жойғаны көрсетілген.
– Жақсы жаңалық жетті – іс қайта қозғалды деген қаулы шықты. Сіздерге де көп рақмет! Егер бұл жерде жемқорлық болмағанда, мен де, ата-анам да бұлай күреспес едік. Соңына дейін барамын. Іс сотқа жетіп, кінәлілер жазалануы керек! – деп жазды Әсел.
Жағдай қалай болған?
Бұған дейін 2025 жылдың 3 шілдеде Динара Менбаева Қарағандыдағы пәтерінен асылып тұрған күйінде табылған еді. Полиция оқиғаны суицид ретінде саралап, кейін қылмыстық іс тоқтатылған.
Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспеген. Марқұмның әпкесінің айтуынша, Динара қайтыс болардың алдында күйеуімен жанжалдасып, ұрып-соғылғанын айтқан. Сондай-ақ анасына ажырасып, балаларымен бірге кеткісі келетінін жеткізген.
Отбасы өлімнің мән-жайына қатысты бірқатар сәйкессіздік болуы мүмкін екенін айтып, істі қайта тергеуді талап еткен.
Енді қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күші прокурор шешімімен жойылды. Істің барлық мән-жайы тергеу барысында анықталуға тиіс.
Динараның артында екі кішкентай ұлы қалды. Олар үш және бір жарым жаста.
Айта кетейік, редакция 20 тамызда түсінік алу үшін Қарағанды облысының полиция департаментіне хабарласқан. Алайда ведомство әзірше жауап бермеген.