23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Ел алғаш рет Мәжіліс пен Сенаттың орнына келген жаңа бірпалаталы Парламенттің құрамын сайлайды. Ulysmedia.kz Қазақстандағы және шетелдегі сайлау учаскелерінде болып жатқан маңызды оқиғаларды бақылап отыр.
Дауыс берушілер тізіміне 12 605 788 адам енгізілген. Жалпы 10 423 сайлау учаскесі ашылды, оның 79-ы 61 мемлекетте орналасқан. Қазақстандықтар жеті партияның бірін таңдайды. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
20:00. Дауыс беру аяқталды
Сағат 20:00-де Қазақстандағы барлық сайлау учаскесі өз жұмысын аяқтады. Қазір сайлау комиссиялары дауыс санауға кірісті.
Алайда кейбір шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінде дауыс беру 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
19:30. 11 елде дауыс беру аяқталды
Шетелде өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауда тізімге енгізілген 11 402 сайлаушының 6 007-сі дауыс берді.
61 елдегі 79 сайлау учаскесінің барлығы жұмысын бастап үлгерді. Осы уақытқа дейін 11 мемлекетте дауыс беру аяқталған.
Ең соңғы болып Сан-Францискодағы сайлау учаскесі ашылды. Ол Астана уақытымен сағат 19:00-де жұмысын бастады.
19:04. Олимпиада жүлдегерлері, Шавкат Рахмонов және ультрамарафоншы сайлауға келді
Құрылтай сайлауында қазақстандық танымал спортшылар да дауыс берді.
Олардың арасында Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров, Олимпиада жүлдегерлері Нариман Құрбанов, Ислам Сәтпаев пен Денис Уланов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, гимнаст Милад Карими және ММА шебері Шавкат Рахмонов бар.
Ультрамарафоншы Меңдібай Әлімғазиновтың қатысуы ерекше назар аудартты. Ол Астанадан Алматыға дейін шамамен 1300 шақырым жүгіріп өтіп, мәреге жеткен соң бірден дауыс беруге барған.
Сайлау учаскесіне грек-рим күресінен U20 әлем чемпионатында бір күн бұрын алтын медаль жеңіп алған Қазыбек Қалмағамбетов те келді.
18:48. Шахмұрат Мұтәліп Құрылтай сайлауында дауыс берді
«Әділет» партиясынан депутаттыққа кандидат, кәсіпкер әрі Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мұтәліп өз таңдауын жасады.
Дауыс бергеннен кейін ол Қазақстанды экономикасы қуатты, әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі ретінде көргісі келетінін айтты.
– Әр дауыс – елдің болашағын айқындауға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге және Әділетті Қазақстанды бірге құруға қосылған маңызды үлес, – деді Мұтәліп.
18:30. Сайлауға қатысу 72 пайыздан асты: 9 миллионнан аса адам дауыс берді
Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 9 095 298 сайлаушы бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 72,15 пайызына тең.
Сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда белсенділік 90 пайыздан асып кеткен.
Одан кейін Жетісу облысы – 89,69% және Қызылорда облысы – 88,09%.
Ең төмен көрсеткіш Алматыда – 41,06%. Астанада сайлаушылардың 49,87 пайызы дауыс берген.
Осы уақытқа дейін азаматтар уақытша болатын орындарда орналасқан 548 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады.
18:09. Батырлар, Өрмекші адам және үйленуге ұсыныс: оңтүстікте сайлау қалай өтіп жатыр?
Шымкентте Қазақ драма театрының актерлері сайлау учаскесіне батырлардың киімін киіп келді. Осылайша олар жастарға Өрмекші адам мен Бэтменнен бөлек, қазақтың өз қаһармандары да бар екенін еске салғысы келген.
Дегенмен Өрмекші адамсыз да болмады – ол Арыстағы сайлау учаскелерінің бірінде көрінді.
Ал Түркістанда бір жігіт дауыс бергеннен кейін сүйіктісіне сөз салды.
Сайрам ауданында Ұлы Отан соғысының 100 жастағы ардагері Ахметжан Анартаев өз таңдауын жасады.
Сайлау учаскелеріне тұтас отбасымен келгендер де болды. 14 бала тәрбиелеп отырған Шымкент тұрғыны Наргиза Усманова да жақындарымен бірге дауыс беруге келген.
16:21. Құлпынай, қарбыз және сайлау: Алматы қалай дауыс беріп жатыр?
Сайлау учаскелерінің маңында құлпынай, қарбыз және мектеп формасы сатылып жатыр. Кейбір учаскелерде таңертең сайлаушылар көп болмаған.
Учаскелердің бірінде сағат 11:30-ға дейін небәрі 60 адам дауыс берген.
Таңертең негізінен егде жастағы азаматтар келген, ал жастардың қатары сирек байқалған.
16:20. Сайлауға қатысу көрсеткіші 65 пайыздан асты
Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша Құрылтай депутаттарын сайлауда 8 240 336 қазақстандық дауыс берді.
Ел бойынша сайлауға қатысу көрсеткіші 65,37 пайызға жетті.
Қызылорда облысы 81,38 пайызбен көш бастап тұр. Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы – 79,33% және Жетісу облысы – 77,03%.
Ең төмен көрсеткіш Алматыда сақталып отыр – 36,65%. Астанада сайлаушылардың 46,38 пайызы дауыс берген.
16:14. Алматы тұрғыны толтырылған бюллетень суреті үшін жазаға тартылды
Алматы тұрғыны толтырылған бюллетеньнің суретін интернетке жариялағаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бас прокуратура мұндай жазба дауыс беру күніне тыйым салынған үгіт ретінде бағалануы мүмкін екенін түсіндірді.
Әйел кінәсін мойындап, жазбасын өшірген.
Ведомство мәліметінше, осы уақытқа дейін өзге елеулі заңбұзушылықтар тіркелмеген.
15:52. Шетелде 2,5 мыңнан аса қазақстандық дауыс берді
Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Қазақстаннан тыс жерде Құрылтай депутаттарын сайлауда 2 573 адам дауыс берді. Осы уақытқа дейін шетелде 79 сайлау учаскесінің 74-і ашылған.
Жалпы шетелдегі қазақстандықтар үшін 61 елдегі Қазақстанның дипломатиялық мекемелері жанынан 79 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Шетелдегі сайлаушылар тізіміне 11 402 адам енгізілген.
Ал Қазақстанның өзінде сағат 14:00-де сайлауға қатысу көрсеткіші 53,12 пайыз болды. 6,7 миллионға жуық адам бюллетень алды.
15:29. Нұрлан Смағұлов сайлауда дауыс берді
Қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұлов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Смағұлов – Astana Group компаниясының негізін қалаушы әрі иесі. Оның бизнесі автомобиль саласы, девелопмент және сауда бағыттарын қамтиды.
Мәдени жобаларының қатарында Алматыдағы заманауи өнер мұражайы – Almaty Museum of Arts бар.
15:24. Андрей Лаврентьев Астанада дауыс берді
Ірі өнеркәсіпші, Allur және Qarmet компанияларының акционері Андрей Лаврентьев Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді.
Ол Ұлттық опера және балет театрында орналасқан сайлау учаскесіне отбасымен бірге келді.
Кәсіпкердің компаниялары автомобиль өнеркәсібі мен металлургия саласында жұмыс істейді. Атап айтқанда, Qarmet автомобильге арналған болат өндірісін дамытса, Allur автокөлік шығарумен айналысады.
15:21. Жаңбыр астындағы сайлау: Астана қалай дауыс беріп жатыр?
Астанада таңнан бері күн суытып, жаңбыр жауып, жел соққанына қарамастан, тұрғындар сайлау учаскелеріне келе бастады.
Кейбір азаматтар дауыс беруге балаларымен бірге келген. Ал учаскелердің бірінде алғашқы сайлаушыға тіпті фен сыйлаған.
Басты назар Тәуелсіздік сарайындағы сайлау учаскесіне ауды. Дәл осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді.
Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша елордадағы сайлауға қатысу көрсеткіші 40,92 пайыз болды.
15:06. Әлия Молдағұлова мен Мағжан Жұмабаев сайлауға келді
Ақтөбеде танымал қазақ тұлғаларымен аттас сайлаушылар дауыс берді.
24 жастағы Әлия Молдағұлова №561 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
«Осындай тарихи есім қойылғаны – үлкен мақтаныш әрі жауапкершілік», – деді бойжеткен.
Сайлауға Мағжан Жұмабаев есімді Ақтөбе тұрғыны да қатысты.
14:52. Алмаз Әлсенов Швейцарияда дауыс берді
Қазақстандық кәсіпкер Алмаз Әлсенов Берн қаласында, Қазақстан елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Әлсенов – Harvest Group халықаралық компаниясының негізін қалаушы. Бұрын кәсіби дзюдошы болып, Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен.
Қазір ол Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі және JENYS клубының президенті.
Осы уақытта қазақстандық дзюдошылар Гуаякильде өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында бақ сынап жатыр. Бүгін Әділжан Жаудинов Қазақстан құрамасына турнирдегі үшінші алтын медальді әкелді.
14:22. Сайлауға қатысу көрсеткіші 53 пайыздан асты
Сағат 14:00-де Құрылтай депутаттарын сайлауда 6 696 002 қазақстандық дауыс берді.
Ел бойынша сайлауға қатысу көрсеткіші 53,12 пайызға жетті.
Ең жоғары белсенділік Қызылорда облысында тіркелді – 64,22 пайыз.
14:14. Назарбаев отадан кейін үйден дауыс берді
Нұрсұлтан Назарбаев Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты, алайда сайлау учаскесіне барған жоқ.
Тұңғыш Президенттің ресми сайтында оның жақында омыртқасына ота жасалғаны және денсаулық жағдайына байланысты үйден дауыс бергені хабарланды.
Басқа мәлімет айтылған жоқ.
Ал 15 наурызда өткен жаңа Конституция жөніндегі референдумда Назарбаев сайлау учаскесіне өзі барып дауыс берген. Ол кезде ол Астанадағы №228 учаскеге келген еді.
14:10. Super Mario, Өрмекші адам және робот-ит: Маңғыстаудағы сайлау
Маңғыстау облысындағы сайлау ерекше кейіпкерлерімен есте қалды.
Сайлау учаскелерінде Өрмекші адам, Super Mario және Луиджи пайда болды. Ал №251 учаскеде сайлаушыларды жергілікті полиция қызметіндегі робот-ит қарсы алды.
Ақтауда ерекше екі отбасы да дауыс берді: егіз апалы-сіңлілі Айым мен Асыл Биназарова егіз ағайынды Төребек пен Жолдасбек Төлепбергенұлына тұрмысқа шыққан.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай дауыс бергеннен кейін Ulysmedia.kz тілшісіне жалақы түсетін банк картасын жұбайына беретінін айтты. Оның сөзінше, отбасының қаржысын толығымен әйелі басқарады.
13:36. Тоқаев Үкіметте өзгеріс болатынын айтты
Құрылтай жасақталғаннан кейін Үкімет өкілеттігін тоқтатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Министрлер кабинетінің жаңа құрамында өзгерістер болатынын мәлімдеді. Алайда ауқымды кадрлық ауыс-түйіс болатынын айтқан жоқ.
Президент қазіргі Үкіметтің жұмысына жалпы оң баға берді. Оның сөзінше, «министрлер де, Үкімет басшысы да бар күшін салып жұмыс істеп жатыр».
13:05. Тоқаев президент сайлауына қайта түсе ме деген сұраққа жауап берді
Қасым-Жомарт Тоқаев заң бойынша Президент қызметіне қайта кандидат болуға құқығы бар екенін растады.
Алайда бұл құқығын пайдалана ма және келесі сайлау қашан өтеді деген сұрақтарға әзірге нақты жауап берген жоқ.
Президент бұл мәселеге кейінірек оралуды ұсынды.
«Бәлкім, келесі жылы сізге нақтырақ жауап берермін», – деді ол.
12:50. Тоқаев болашақ вице-президент туралы ишара жасады
Дауыс бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан енгізілген вице-президент қызметіне кім тағайындалатыны туралы сауалға жауап берді.
Оның есімі бір апта немесе он күн ішінде белгілі болады.
Президент әзірге кім екенін айтпады, бірақ:
«Меніңше, ол – бәріңіз жақсы танитын белгілі тұлға болады», – деді.
Тоқаев қазіргі жағдайда бұл қызметті Қазақстан үшін «аса қажет» деп атады.
12:21. Сайлауға қатысу 37 пайыздан асты, Қызылорда көш бастады
Сағат 12:00-ге дейін 4 670 816 сайлаушы бюллетень алды.
Ел бойынша сайлауға қатысу көрсеткіші 37,05 пайыз болды.
Қызылорда облысы 47,59 пайызбен көш бастады. Одан кейін Жетісу облысы – 47,29 пайыз.
Ең төмен көрсеткіш Алматыда – 17,87 пайыз. Астанада түске дейін сайлаушылардың 35,28 пайызы дауыс берген.
ОСК келесі мәліметті сағат 14:00-де жариялайды.
12:11. Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Президент бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын тарихи оқиға деп атап, бұл елдегі өзгерістердің жаңа кезеңіне бастау болатынын айтты.
11:45. «Енді жастарға сенеміз»: зейнеткерлер жаңбырға қарамастан дауыс беруге келді
75 жастағы Кәрімжан Қайролла мен оның жұбайы үйден дауыс бере алатын еді. Алайда жаңбыр мен желге қарамастан, Астанадағы №228 сайлау учаскесіне өздері келуді жөн көрген.
«Жастарды көргіміз келді. Үнемі үйде отыра беруге болмайды ғой. Жүріп-тұруға мүмкіндік барда елмен бірге болған жөн», – деді ақсақал.
Кәрімжан ата жұбайы екеуінің ендігі үміті жас ұрпақта екенін айтты.
11:09. Болат Өтемұратов сайлауда дауыс берді
Қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Өтемұратов Қазақстанның Forbes тізіміне енген және «Верный Капитал» тобы жобаларының негізгі инвесторларының бірі.
Ол өз атындағы қайырымдылық қорын құрған. Қор денсаулық сақтау, білім беру, экология және мәдениет салаларындағы жобалармен айналысады.
Кәсіпкер көп жылдан бері теннис саласымен де байланысты. Ол Қазақстан теннис федерациясын басқарады әрі Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті.
11:00. Қазақстандықтар 40-тан астам елде дауыс беріп жатыр
Құрылтай сайлауында дауыс беру әлемнің 40-тан астам елінде жүріп жатыр.
Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін Қытай, Ресей, Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі сайлау учаскелері ашылды.
Жалпы шетелде 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі ұйымдастырылған.
Сайлаушылар тізіміне 11 402 қазақстандық енгізілген.
СІМ-нің соңғы мәліметіне сәйкес, әзірге 228 адам дауыс берген.
10:21. Министрлер Үкімет құрамында қала ма?
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауда дауыс берді.
Ulysmedia.kz тілшісі одан Құрылтай жасақталғаннан кейін Үкімет құрамында үлкен өзгерістер болуы мүмкін бе деп сұрады.
Балаева елеулі кадрлық ауыс-түйіс күтпейтінін айтты.
«Қазіргі Министрлер кабинеті өте кәсіби деп ойлаймын. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп санаймын. Өйткені Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары мен бастамалары бар, олар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Көпшілігі осы бағытты жалғастырып, әрі қарай жұмыс істейді деп ойлаймын», – деді ол.
10:00. Сайлауға қатысу туралы алғашқы мәлімет
Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысу көрсеткіші жөніндегі алғашқы деректі жариялады.
Сағат 10:00-ге дейін 2 264 411 адам бюллетень алды. Бұл – сайлаушылардың жалпы санының 17,96 пайызы.
Осы уақытта ең белсенді дауыс беріп жатқан өңір – Қызылорда облысы. Одан кейін Қарағанды және Жетісу облыстары тұр.
Ең төмен көрсеткіш әзірге Алматыда – 9,96 пайыз.
Астанада сайлаушылардың 17,01 пайызы дауыс берген.
Келесі мәлімет сағат 12:00-де жарияланады.
09:49. ІІМ сайлау күніндегі ахуал туралы айтты
Осы уақытқа дейін қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу деректері тіркелген жоқ.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев сайлау учаскелері тәулік бойы күзетілетінін, өңірлерден келіп түскен ақпаратты жедел штаб бақылап отырғанын айтты.
Ол полиция қызметкерлерінің дауыс беру үдерісіне араласпауы тиіс екенін нақтылады.
Тәртіп сақшылары дауыс беру залына тек сайлау комиссиясы төрағасының шақыруымен ғана кіре алады.
09:42. Қошанов, Смайылов, Асылов: тағы кімдер дауыс берді?
Сайлау учаскелеріне қазіргі және бұрынғы мемлекеттік орган басшылары келіп жатыр.
Мәжілістің бұрынғы төрағасы Ерлан Қошанов өз таңдауын жасады.
Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров және денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дауыс берді.
Басқа мемлекеттік органдардың басшылары да сайлауға қатысты: бас прокурор Берік Асылов, жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов және жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев.
09:24. Дауға қалған ҚХП төрағасы Астанадағы өмірі туралы айтты
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Құрылтай сайлауында дауыс берді.
Сайлау учаскесіне келгенде ол бастапқыда сәл абдырап, кіретін есікті бірден таба алмады.
Шоқанов бұған дейін Алматыда дауыс бергенін, ал қазір Астанада тұратынын түсіндірді.
Ulysmedia.kz тілшісі одан елордадағы баспанасы туралы да сұрады.
Шоқанов шағын пәтер жалдап тұратынын және қарапайым жағдайға үйренгенін айтты.
Шоқанов депутаттық жалақы бизнестен түсетін табысынан аз болуы мүмкін екенін де қалыпты қабылдайтынын айтты.
Қазақстан Халық партиясы Құрылтайда қанша орын алуды көздеп отырғанын ол болжамады.
Партия тізімінде Аша Матай да бар. Сайлау науқаны кезінде ол дебатқа қатысудан бас тартқаннан кейін сынға ұшырады.
Матай мұны «дәстүрлі тәрбие» өзінен үлкен ер адамдармен сөз таластыруға мүмкіндік бермейтінімен түсіндірген.
09:22. Робот, «Месси» және 116 жастағы сайлаушы
Құрылтай сайлауы ерекше оқиғаларсыз өтіп жатқан жоқ.
Астанада бір бойжеткен дауыс беруге халатпен және адамға ұқсас роботпен келді.
Алматыдағы сайлау учаскесінде «Месси» мен «Роналду» пайда болды.
Ұлытау облысында 116 жастағы Түймегүл Темірбаева өз таңдауын жасады.
08:34. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай дауыс берді
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.
Ол сайлауға қатысуды азаматтық жауапкершіліктің көрінісі деп атап, конституциялық реформадан кейін өтіп жатқан қазіргі дауыс берудің маңызына тоқталды.
Дәдебай – Құрылтай сайлауына қатысып жатқан жеті партияның бірін басқарады.
08:30. Алматыдағы сайлау учаскелерінде кезек пайда болды
Таңертең Алматыдағы кейбір сайлау учаскелерінде адам көбейіп, кезек қалыптасты. Тұрғындар учаскелер ашылған сәттен-ақ келе бастаған.
Кейбір жерлерде сайлаушылар ғимараттың кіреберісінде және ішінде кезек күтіп тұр.
Бүгін Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
08:20. Мәулен Әшімбаев дауыс беріп, алдағы қызметіне қатысты сауалға жауап берді
Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанадағы сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Одан кейін журналистер одан вице-президент қызметіне тағайындалуы мүмкін бе деп сұрады. Әшімбаев бұл мәселені қазір талқылауды жөн көрмейтінін айтты.
– Қазір мұндай мәселелерді талқылаудың мәні жоқ әрі дұрыс емес. Кадрлық мәселелерге келсек, шешімді тек Мемлекет басшысы қабылдайды, – деді ол.
Әшімбаев бүгінгі сайлауды ерекше деп атап, қазақстандықтарды белсенділік танытуға шақырды.
08:00. Шетелде алғашқы 228 қазақстандық дауыс берді
Осы уақытқа дейін шетелде жүрген 228 қазақстандық өз таңдауын жасады.
Шетелдегі қазақстандықтар үшін 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Ондағы сайлаушылар тізіміне 11 402 адам енгізілген.
Сағат 08:00-ге дейін 26 учаске жұмысын бастады. Алғашқылардың бірі болып Токио мен Сеулдегі қазақстандықтар дауыс берді. Астана уақытымен бұл сағат 03:00-де болды.
08:00. ОСК төрағасы таңдау жасау қиын болды ма деген сұраққа жауап берді
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров журналистерге кімге дауыс беретінін ұзақ ойламағанын айтты.
– Шынымды айтсам, бұл туралы көп ойланған жоқпын. Өйткені барлық саяси үдерісті басынан бері бақылап келемін. Кімге дауыс беретінім жөнінде нақты әрі берік ұстанымым бар, – деді ол.
Әбдіров қай партияны таңдағанын атамады. Ол дауыс беру күні үгіт-насихатқа тыйым салынатынын еске салды.
07:43. Ерлан Қарин алдағы қызметіне қатысты пікір білдірді
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келді. Кейін журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Қарин бұл сайлауды жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі жаңа кезеңнің бастауы деп атады.
– Құрылтай сайлауынан елдегі жаңғырудың жаңа кезеңі басталады деуге болады. Меніңше, маңызды өзгеріс тек институттардың жаңаруымен шектелмейді. Президент реформалары қоғамдық үдерістерге жаңа серпін беріп отыр, – деді ол.
Ulysmedia.kz тілшісі Қариннен депутаттық мандат алған жағдайда қандай заңдарды дамытуды жоспарлап отырғанын сұрады.
Ол нақты бастамаларды атамады. Алдымен сайлау нәтижесін және партияның мандаттарды бөлу жөніндегі шешімін күту қажет екенін айтты.
07:30. Шетелде алғаш болып Сеул мен Токиодағы учаскелер ашылды
Уақыт айырмашылығына байланысты шетелдегі дауыс беру Қазақстаннан ертерек басталды.
Алғаш болып Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 сайлау учаскелері ашылды.
Сеулде Оңтүстік Кореяда үш жылдан бері тұратын Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
Токиода сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып Әлішер Әзімбаев келді. Ол қазақ биінің бейнесінде киініп келген.
Әзімбаев Цукуба университетінде «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша білім алып жүр.
07:00. Қазақстан Құрылтай депутаттарын сайлауға кірісті
Дауыс беру елдің барлық 20 өңірінде басталды.
Сағат 07:00-дегі жағдай бойынша 10 363 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұрды. Осы уақытқа дейін 16 шет мемлекетте тағы 19 учаске ашылды.
107 сайлау учаскесінде дауыс беру бұдан да ертерек, сағат 06:00-де басталған.
Бұл сайлау 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін өткізіліп жатыр. Құрылтай Мәжіліс пен Сенаттан тұрған екі палаталы Парламенттің орнына келді.
Жаңа Парламенттің құрамында 145 депутат болады. Олар партиялық тізім бойынша сайланады.
Сайлауға жеті партия қатысып жатыр. Бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген жол да бар.
Дауыс беру барысын 42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан келген 777 шетелдік байқаушы бақылап отыр.
Ақпарат толықтырылып отырады.