БҰҰ 2009 жылы Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасында оқ атқаны үшін өлім жазасына кесілген Нидаль Хасанның жазасын тікелей эфирде көрсету жоспарын қатаң сынға алды. БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик адамды көпшілік алдында, телекамералардың көзінше өлім жазасына кесу жиіркеніш тудыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Ашығын айтқанда, мемлекет адамды телекамералардың алдында, тікелей эфирде көпшілікке көрсетіп өлтіруі жиіркеніш тудырады», – деді Дюжаррик.
Ол кейінгі жылдары Иран мен Ауғанстанда көпшілік алдында өлім жазасын орындау жағдайларын еске салды. Сондай-ақ, мұндай әрекет қатыгездікке, адамгершілікке жатпайтын немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын жаза түріне жатқызылуы мүмкін екенін атап өтті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының ұстанымынша, өлім жазасын тікелей эфирде көрсету оны көпшілік алдында орындалатын жазаға айналдырады. Бұл азаптауға мүлде жол бермеу қағидатын бұзуы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Хасанға кесілген өлім жазасын көпшілікке көрсетіп, тікелей эфирде таратуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, адамдар мұндай ауыр қылмыстардың қандай жазаға әкелетінін өз көздерімен көруге керек.
Жоспар бойынша, Хасан 3 желтоқсанда өзі оқ жаудырған Техастағы әскери базада ату жазасына кесілуге тиіс.
Нидаль Хасан – АҚШ армиясының бұрынғы психиатры. 2009 жылы ол Форт-Худ әскери базасында адамдарға оқ атқан. Салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 32 адам жарақат алған.
2013 жылы әскери сот оны өлім жазасына кесті.
Егер үкім орындалса, бұл АҚШ-та 1961 жылдан бергі алғашқы әскери өлім жазасы болмақ. Сонымен қатар, 1945 жылдан бері америкалық әскерилер алғаш рет ату арқылы өлім жазасын орындайды.