×
$
456.88
534.64
5.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.88
534.64
5.47

ШҚО-да аюмен бетпе-бет келген ер адам ауыр жарақат алды

Бүгін, 17:12
ШҚО-да аюмен бетпе-бет келген ер адам ауыр жарақат алды
© РИА Новости / Илья Тимин

Шығыс Қазақстан облысында омартада жұмыс істеп жүрген ер адамға аю шабуыл жасаған. Ол ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ер адамды оқиға куәгерлері құтқарып қалды

Оқиға шілде айының соңында Риддер маңындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс орындарының бірінің жанында болған. Куәгерлердің айтуынша, аю 58 жастағы ер адамға кенеттен тап берген. Сол маңда болған екі ер адам жыртқышқа қарсы тұрып, ер адамды құтқарып қалған. Осыдан кейін аю қашып кеткен, деп жазады yk-news.kz.

Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, ер адамның басы, қолы мен аяғы қатты жарақаттанған. Сондай-ақ қолы мен аяғы сынып, сүйектері ығысқан.

Жәбірленуші бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін травматология бөліміне ауыстырылды. 19 тамызда ауруханадан шығарылған ер адам қазір үйінде ем қабылдап жатыр.

Аюды атып тастады

Оқиға орнына орман және аңшылық шаруашылығы инспекторлары барған. Олар аюды атып тастаған.

Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманниковтің айтуынша, қазір бұл аумақта адамдарға қауіп жоқ.

— Оқиғадан кейін бірден инспекторларымыз қарумен оқиға орнына барды. Аюдың көзі жойылды, қазір ол жерде қауіп жоқ. Аюдың адамға не себепті шабуыл жасағанын айта алмаймын. Биыл тұрғындардан көп шағым түсіп жатыр. Біз оқиға орнына барып, аюларды үркітеміз. Ал адамға нақты қауіп төнсе, соңғы амал ретінде аюды атуға тура келеді. Малға шабуыл жасаған жағдайлар болды, адамдар аюға өте жақын кездесіп қалған кездер де бар. Бірақ менің тәжірибемде бұл — аюдың адамға жасаған алғашқы шабуылы. Жедел әрекет ету жасағында үш жыл, ал орман шаруашылығында 20 жылға жуық жұмыс істеп келемін, мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмедім, — деді ол.

Карманниковтің сөзінше, кейінгі жылдары өңірде аю саны көбейген. Былтыр инспекторлар аюлардың көп төлдегенін байқаған. Кейбір аюлар екі-үш қонжықтан әкелген.

Сонымен қатар былтыр және биыл ормандағы өнім аз болған. Аяз бен құрғақшылықтың салдарынан жидек пен самырсын жаңғағы іс жүзінде жоқ. Сондықтан жануарлар азық іздеп адамдар тұратын жерлерге — қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жиі бара бастаған болуы мүмкін.