×
$
464.77
541.36
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
464.77
541.36
5.41

Ресейдің Киев облысына жасаған соққысынан 27 адам қаза тапты

Бүгін, 14:54
Ресейдің Киев облысына жасаған соққысынан 27 адам қаза тапты
Видеодан алынған кадр

Ресей әскері 29 тамызға қараған түні Украинаға бірнеше соққы жасады. Шабуыл Киев пен Киев облысын, Николаев, Днепропетровск және Харьков облыстарын қамтыды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ең ауыр зардап Киев облысының Буча ауданында тіркелді. Мила ауылындағы кәсіпорынға жасалған соққыдан кейін жарылыстар болып, алапат өрт шыққан.

Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың мәліметінше, Буча ауданында кемінде 27 адам қаза тауып, тағы 42 адам жарақат алған. Қаза болғандардың арасында Дмитров қауымдастығының басшысы Тарас Дидич те бар. Ол шабуылдан кейін оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барған.

Төтенше жағдай болған аумақтан 381 адам, оның ішінде 59 бала эвакуацияланды. 50-ге жуық тұрғын үй зақымданған. Құтқару жұмыстары кезінде Киев – Чоп тасжолы уақытша жабылды.

Украина президенті Владимир Зеленский соққы қоймаға тигенін, кейін оның ішінде детонация болғанын мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты Украина прокуратурасы қызметтік салғырттық бабы бойынша тергеу бастады. Тергеушілер жарылғыш заттардың тұрғын үйлерге жақын жерде сақталуы қаншалықты заңды болғанын және мұндай шешімді кім қабылдағанын анықтайды.

Ресей қорғаныс министрлігі Мила ауылында FP-1 және FP-2 дрондарына арналған оқ-дәрі мен бөлшектер қоймасы жойылғанын мәлімдеді.

Басқа қалаларға да соққы жасалды

Киевте түнгі шабуылдан кейін көпқабатты үйдегі пәтер мен бірнеше жеке үй өртенді. Екі адамның зардап шеккені хабарланды.

Николаевқа да жойқын соққы жасалды. Қаланың бір бөлігі электр қуатынсыз қалды, көшелерде қоғамдық электр көлігі уақытша тоқтады.

Украина Әскери-әуе күштерінің мәліметінше, Ресей түнде Украинаға 267 дрон ұшырған. Украиналық әскерилер олардың 233-ін атып түсіргенін мәлімдеді. 15 жерде нысанаға дәл тиген жағдай тіркелген. Сонымен қатар Ресей бірнеше зымыран қолданған.