×
$
458.45
531.39
5.29
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.45
531.39
5.29

"Ресей аспанында дрондар соншалық көп болады" – Зеленскийдің Мәскеуге қатаң ескертуі

Бүгін, 10:46
"Ресей аспанында дрондар соншалық көп болады" – Зеленскийдің Мәскеуге қатаң ескертуі
vesti.ru

Украина президенті Владимир Зеленский 1 қыркүйек күні кешке Ресейдің әуе кеңістігі барған сайын қауіпті болып бара жатқанын айтып, Мәскеуге ескерту жасады. Оның сөзінше, Ресей билігі бұл туралы тиісті деңгейде хабарламаса да, елдің әуе кеңістігі іс жүзінде жабыла бастайды. Бұл туралы Владимир Зеленскийдің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зеленский Ресейге не туралы ескертті?

– Соғыс басталғалы бері Ресей Украинаның порттарын бұғаттауға тырысып келеді. Ресейдің Украинаға жасаған шабуылдары салдарынан еліміздің әуе кеңістігі азаматтық авиация үшін жабық. Сонымен қатар Ресей әскері жолдар мен теміржолдарға, университеттерге, кәсіпорындарға, мектептер мен шіркеулерге тұрақты түрде соққы жасап келеді. Ресей үшін Украинадағы кез келген нысан – соққы жасайтын нысана. Біз соғысты бастаған жоқпыз және мұндай шиеленісті қалаған емеспіз. Соғысты созып, шабуылдардың ауқымын кеңейту – Ресей мен Путиннің ғана қалауы, – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украинаның, Еуропаның, тіпті Ресейдің өзінің әуе кеңістігін қауіпті еткен де – Ресейдің агрессиясы. Өйткені алғашқы зымырандар мен дрондар дәл Ресей аумағынан ұшырылған.

– Бұл шиеленіс тек Украина аумағымен шектелмейді және шектелмеуге де тиіс. Оның салдары Ресейде де, соның ішінде Ресейдің әуе кеңістігінде де сезілуі заңды әрі әділетті. Ресейдің аспаны қазірдің өзінде, алдағы уақытта одан да көп біздің дрондарымыз бен зымырандарымыз әрекет ететін кеңістікке айналады. Олар Ресейдің соғысына,  шабуылдарына жауап ретінде соққы беріп жатыр. Біз өзімізді қорғау құқығымызды пайдаланып отырмыз. Ресейдің әскери нысандарына және соғысқа жұмыс істеп тұрған экономикасына соққы береміз. Бұл – біздің қорғанысымыз, – деді президент.

Зеленский әлі де Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын әрбір әуе компаниясына, сақтандыру компанияларына және Ресейдің негізгі әуежайларын қолданатындардың барлығына ескерту жасады.

Зеленский Ресейдің әуе кеңістігін әлі де пайдаланып жүрген барлық әуе компанияларына, сақтандыру компанияларына және Ресейдің негізгі әуежайларына ұшатындарға ескерту жасады.

– Ресейдің әуе кеңістігі барған сайын қауіпті болып барады. Украина азаматтық авиацияға немесе азаматтық ұшақтарға қауіп төндірмейді. Алайда Ресей аспанындағы дрондардың саны соншалық көп болады, сондықтан мұны ескеру қажет. Ресей билігі бұл туралы тиісті деңгейде хабарламаса да, елдің әуе кеңістігі іс жүзінде жабыла бастайды. Ресей бастаған соғыс оның өз аспанын жауып жатыр, – деді Зеленский.

Зеленский Украина жазықсыз адамдардың қаза болғанын қаламайтынын айтып, серіктестеріне Ресейдің әуе кеңістігінде қазір қауіпсіз уақыт жоқ екенін ескертті.

– Мұны Украинада жұмыс істеп жүрген мемлекеттердің елшілері де, Мәскеуде қызмет атқарып жүрген елшілер де білуі керек. Олардың әрқайсысы Ресейдің соғысы біздің ел мен халқымыз үшін нені білдіретінін жақсы түсінеді. Сондықтан бұл ақпаратты өз елінің астанасына жеткізуіге тиіс. Қазір ең әуелі Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің басқа да негізгі бағыттарындағы әуежайларға ұшып жүрген әуе компаниялары да бұл ескертуді ескеруі қажет. Украинаның Сыртқы істер министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдар Ресейдің әуе кеңістігіндегі қауіп-қатер туралы халықаралық ұйымдарға толық ақпарат береді. Дрондар ұшып жүрген әуе кеңістігінде азаматтық авиацияға орын жоқ, – деді мемлекет басшысы.

Зеленский Украина бейбітшілікті қалайтын ел екенін тағы да атап өтті. Оның айтуынша, Украина серіктестерінің соғысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерін құрметтейді және мұндай кез келген бастаманы қолдайды.

Мысалы, АҚШ 25, 26 және 27 тамыз күндері Мәскеу мен Санкт-Петербургке жасалатын соққыларды уақытша тоқтатуды сұраған. Украина бұл уәдесін орындады. Алайда осы кезеңде Ресей Украина қалаларына шабуыл жасауды жалғастырған.

– Егер басқа бір әлемдік держава бізден Владивосток бағытына жасалатын соққыларды белгілі бір уақытқа тоқтатуды сұраса, біз бұл өтінішті де орындаймыз. Қазір Мәскеуде жаңа кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Біз мұны ескереміз, – деді президент.

Зеленскийдің айтуынша, дипломатиялық келіссөздер мен бейбітшілік орнату үдерісінің мүддесі үшін серіктестер осындай өтініш білдірсе, Украина белгілі бір уақыт аралығында және нақты бағыттар бойынша Ресейдің әуе кеңістігінде дрондардың ұшуын тоқтата алады.

– Ресей әуе кеңістігінің қауіпсіздігі қайта қалпына келеді, бірақ ол үшін әуелі бейбітшілік орнатуға бағытталған нақты қадамдар басталуы керек. Қазір Ресейдің әуе кеңістігі дрондардың әрекет ету аймағына айналды. Азаматтық авиация үшін қауіпсіз емес. Соғыс жалғасып тұрған кезде ахуал  осындай болады. Сондықтан бүкіл әлем бұл соғыстың аяқталуына ықпал етуі керек, – деп түйіндеді Зеленский.

Буданов не деді?

Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Будановтың айтуынша, Кремль ахуалды одан әрі ушықтыруды таңдады. 1 қыркүйекті балалар мен азаматтық инфрақұрылымға қарсы террор жасалған күнге айналдырған Ресейге Украина қатаң жауап береді.

– Ресейдің әуе кеңістігі енді қауіпсіз емес. Бұл – біз халықаралық әуе компанияларына, сақтандыру компанияларына және серіктестерімізге ресми түрде ескертіп отырған  шындық. Біздің алыс қашықтыққа соққы беретін қаруларымыз Ресей аумағындағы әскери нысандарға жүйелі түрде соққы жасайды, – деді Буданов.