×
$
456.56
530.52
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.56
530.52
5.28

Баян Алагөзова жұмақтағы хор қыздары туралы түсінікті сынға алды: исламда не делінген?

Бүгін, 09:44
Баян Алагөзова жұмақтағы хор қыздары туралы түсінікті сынға алды: исламда не делінген?
Ulysmedia.kz коллажы

Баян Алагөзованың дін туралы жазбасы қоғамда қызу пікірталас туғызды. Ол діни насихаттан шаршағанын айтып, жұмақ пен тозаққа сенбейтінін жеткізді. Сондай-ақ, ер адамдарды өлгеннен кейін «72 хор қызы күтіп алады» деген түсінікке күмән келтірді.

Продюсер Баян Алагөзова — көпшілікке танымал тұлға. Сондықтан оның айтқан сөзі жеке парақшасының аясынан шығып, қалың аудиторияға тез тарайды. Ислам мәтіндерімен терең таныс емес адамдар мұндай пікірді автордың жеке көзқарасы емес, дінде нақты бекітілген тұжырым деп қабылдауы мүмкін. Осыған байланысты Ulysmedia.kz редакциясы исламда әр ер адамға жұмақта дәл «72 хор қызы» уәде етіле ме деген сауалға жауап іздеп көрді.

Ең алдымен бір жайтты нақтылай кеткен жөн. Құранда әрбір ер адамға жұмақта 72 хор қызы беріледі деген тұжырым жоқ. 72 саны кейбір хадистерде кездеседі. Хадис — Мұхаммед пайғамбардың сөздері мен іс-әрекеттері туралы жеткен риуаяттар. Олар Құранмен тең дәрежеде қаралмайды әрі сенімділік деңгейі әртүрлі болуы мүмкін.

Хор қыздары — жұмақ серіктері. Күнделікті қолданыста оларды кейде «жұмақтағы пәк қыздар» деп те атайды.

Алагөзова не дейді?

Продюсер дін туралы өткір пікір білдіріп, жұмақ пен тозаққа сенбейтінін айтқан еді.

«Діннен де, оның насихатынан да қатты шаршадым. Бірден айтайын, мені тозақпен қорқытудың қажеті жоқ, мен үшін ол жоқ. Дүниеде ешбір адам маған оны көргенін айта алмайды. Жұмақ та солай. Міне, осы — анық нәрсе. Оған қоса 72 хор қыз тағы бар», — деп жазды ол.

Одан кейін Алагөзова мысқыл аралас түрде ер адамдар бұл әйелдерді қалай пәктігінен айыруы керек деген сауал қойған. Жазбаның дәл осы бөлігі қоғамда ерекше қызу пікірталас тудырды.

Ғалымдар не дейді?

Пікір алу үшін біз теолог Расим Челидзеге жүгіндік. Оның айтуынша, хор қыздары туралы мәселе ислам ғалымдарының арасында бұрыннан талқыланып келеді. Бұл тақырыпқа қатысты бәріне ортақ бір ғана түсінік жоқ.

«Дәстүрлі көзқарас тұрғысынан Құранның кейбір классикалық тәпсіршілері хор қыздарын жұмақта иманды ер адамдарға сый ретінде жаратылған, ерекше сұлу әйел бейнесіндегі жаратылыс деп түсіндіреді. Ал кейбір қазіргі теологтар мен тіл мамандары “хор” ұғымын жынысқа бөлінбейтін “пәк жұбайлар” немесе әйел мен еркекке бірдей арналған мінсіз серік деп қарайды», — деді Челидзе.

Тура мағынада ма, әлде ауыспалы ма?

Жұмақтың сипаттамаларын тура мағынада түсіну керек пе деген мәселе төңірегінде де теологтар арасында пікір әртүрлі.

Челидзенің айтуынша, хадистерге көбірек сүйенетін бағыт өкілдері хор қыздарының сыртқы келбеті, терісінің мөлдірлігі, інжу-маржан мен лағылға ұқсатылуы, шатырларда болуы секілді сипаттарды тура мағынасында қабылдайды. Олар мұны жұмақтағы тәндік әрі материалдық ләззаттың бір бөлігі деп түсіндіреді.

Ал сопылық бағыт өкілдері мен қазіргі зерттеушілердің бір бөлігі мұндай сипаттарды астарлы, бейнелі мағынада қарайды.

Яғни бір ғалымдар бұл сипаттамаларды сөзбе-сөз қабылдаса, енді біреулері оларды адам ақылымен толық елестету қиын дүниені түсіндіру үшін қолданылған бейнелер деп есептейді.

72 саны қайдан шыққан?

Челидзе жұмақтағы «72 хор қызы» туралы ең кең тараған тұжырымға да жеке тоқталды. Оның сөзінше, Құранда мұндай сан жоқ. Бұл сан жекелеген хадистерде кездескенімен, мамандардың ондай мәтіндерге көзқарасы әртүрлі.

«Әрбір ер адамға жұмақта дәл 72 хор қызы беріледі деген хадис өте кең тарағанымен, бұл мәселе тек ғалымдардың арасында емес, жалпы қоғамда да қызу талас тудырып келеді», — деді ол.

Теологтың пікірінше, 72 секілді нақты сандар айтылатын көптеген мәтін әлсіз немесе қолдан жасалған хадистер қатарына жатуы мүмкін. Ал сенімді дереккөздерде белгілі бір сан кездескен күннің өзінде, кейде ол нақты есеп емес, «көп» деген мағынаны білдіретін тұрақты ұғым ретінде түсіндіріледі.

Сондықтан «жұмақта әрбір ер адамға міндетті түрде 72 пәк қыз беріледі» деген кең тараған түсінік күрделі діни мәселені тым жеңілдетіп жібереді.

Жұмақ неге әртүрлі сипатталады?

Челидзе діни мәтіндердің белгілі бір тарихи және мәдени ортада қалыптасқанын да еске салды. Ол мысал ретінде Матуриди еңбектеріне тоқталып, кейбір бейнелер сол дәуір адамдарына барынша түсінікті болғанын айтты.

«VII ғасырда аптап шөлде өмір сүрген, салқындықты, молшылық пен рақатты аңсаған бәдәуи араб үшін мұндай бейнелер ізгі өмір сүруге итермелейтін ең күшті рухани әрі психологиялық ынталандыру болған. Ал жұмақтағы игіліктің шынайы табиғатын адам ақылымен толық ұғыну мүмкін емес», — дейді теолог.

Шатыр, салқындық, асыл тастар және өзге де көріністер сол кезеңдегі адамдар үшін түсінікті әрі тартымды бейнелер болған болуы мүмкін.

Сенім — әркімнің жеке таңдауы

Челидзе сенушілер, атеистер және дінге әртүрлі қарайтын адамдар арасындағы қайшылыққа да тоқталды.

«Діни бейнелерге сену де, жалпы дінді қабылдау да — әр адамның жеке ісі. Ешкім өз сенімін немесе сенбеуін жалғыз ақиқат деп өзгеге күштеп таңуға, айқай-шумен насихаттауға тиіс емес», — деді ол.

Теологтың айтуынша, дін ең алдымен адамның адамгершілігін арттырып, бейбіт өмірге ұмтылуына ықпал етуі керек.

«Ал шынайы өмірде бұл ұстанымдар адам табиғатының күрделілігімен, әлеуметтік жағдайлармен және психологиямен бетпе-бет келеді. Соның салдарынан жоғары мұраттар мен адамның іс-әрекеті арасында үлкен алшақтық пайда болады», — деп түсіндірді Челидзе.

Алагөзованың жазбасы қазақстандықтарды ашуландырды

Еске салайық, Алагөзованың жазбасынан кейін Threads әлеуметтік желісінде қызу пікірталас басталды.

Қолданушылардың бір бөлігі продюсердің сенбеуге және дінге қатысты өз көзқарасын ашық айтуға құқығы бар екенін қолдады. Ал енді бірі оның жеке пікір білдіру шегінен шығып, мұсылмандардың сенімін келемеждеді деп есептеді.

Кейбір қолданушылар құқық қорғау органдарынан Баян Алагөзованы жауапкершілікке тартуды да талап етті.

Бұған дейін біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан Алагөзованың сөздерін мұсылмандарды қорлау деп санай ма деген сауал қойған едік.

«Біз әлеуметтік желілердегі әрбір азаматтың жеке пікірі мен дінге көзқарасына жеке-жеке пікір білдірмейміз», — деп жауап берді ҚМДБ.

Заң не дейді?

Қазақстан — зайырлы мемлекет. Конституция әр адамға ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Азамат белгілі бір дінді ұстана алады немесе ешбір дінге сенбеуге құқылы.

Сонымен қатар, заңда діни алауыздық тудырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Қылмыстық кодекстің 174-бабында діни алауыздықты қоздыруға, сондай-ақ, азаматтардың діни сезімін қорлауға бағытталған қасақана жария әрекеттер үшін, егер нақты жағдайда заңда көзделген барлық белгі анықталса, жауапкершілік белгіленетіні жазылған.

Алайда нақты бір пікір заңбұзушылыққа немесе діни сезімді қорлауға жата ма, жоқ па — оны құқық қорғау органдары анықтайды.