×
$
456.56
530.52
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.56
530.52
5.28

Астанада 280 орындық жаңа балабақша ашылды

Бүгін, 14:31
Астанада 280 орындық жаңа балабақша ашылды
Болат Өтемұратов Қоры

Астанада 280 балаға арналған жаңа балабақшаның ресми ашылу салтанаты өтті. Жобаны жүзеге асыруға Болат Өтемұратов Қоры қайырымдылық көмек көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Балабақшаның жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта 12 топқа арналған бөлмелер, психолог пен логопед кабинеттері, қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, мектепалды даярлыққа арналған арнайы кабинеттер, интерактивті кабинет, сондай-ақ спорт, музыка және хореография залдары мен бассейн бар.

Балабақшаның құрылысына Болат Өтемұратов Қоры 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Жаңа нысан мектепке дейінгі білім беру орындарының санын арттырып қана қоймай, 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

– Астанада бала санының өсуі мен балабақшалардағы орын тапшылығына байланысты мектепке дейінгі инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі өзекті болып отыр. Әлеуметтік маңызы зор осындай мәселелерді шешу – елорданың дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі. Жаңа балабақшаның ашылуы қолданыстағы мектепке дейінгі ұйымдарға түсетін жүктемені азайтып, балалар үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз, – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.

Балабақша аумағында спорт алаңы мен балалардың ойнап, дамуына арналған 12 ойын алаңы жабдықталған. Сонымен қатар ата-аналарға арналған жайлы күту орны бар.

– Ғимарат балалардың қауіпсіздігі мен жайлы болуына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып салынды. Білім беру үдерісіне STEM элементтерін, робототехника мен экологиялық мәдениет негіздерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте балалардың ана тілін меңгеруіне және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне басымдық беріледі, – деді балабақша меңгерушісі Нұрғайша Сағиджанова.

Еске сала кетейік, биыл маусым айында Болат Өтемұратов Қоры Жезқазған қаласына жаңа «Шабыт» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығын тарту етті. Бұл жоба қордың өңірлерді дамыту және заманауи әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған жұмысының бір бөлігі.

12 жыл ішінде Қор еліміздің әр түрлі өңірлерінде бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында Есік пен Қосшыдағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай терминалы, Қосшыдағы қомьюнити орталығы және басқа да білім беру, денсаулық сақтау, инклюзия, мәдениет, экология мен табиғи апаттардан зардап шеккендерге қолдау көрсету бағыттарында жобаларды жүзеге асырды. 2014 жылдан бері Қор әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 250 млн доллардан астам қаржы бөлген.