21 қазанда Мадридтегі Auditorio Nacional de Música концерт залында қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әлемі» концерті өтті. Композитордың таңдаулы әндері алғаш рет испан тілінде орындалған бұл кеш «Shamshi 100» халықаралық мәдени жобасы аясында Мадрид, Париж және Нью-Йоркте жоспарланған концерттердің алғашқысы болды.
Композитордың алдағы 100 жылдық мерейтойына арналған жобаны Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен «Шәмші әлемі» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын шетелдік тыңдарманға кеңінен таныстыру, Қазақстанның музыкалық мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту. Мадридтегі концерт Республика күніне орай Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Республика күні қарсаңында мұндай концерт өткізу – испан жұртшылығын қазақ мәдениетімен және музыкалық мұрасымен таныстырудың жақсы мүмкіндігі. Шәмші Қалдаяқов әндерінің халқымыз үшін орны бөлек. Бұл шығармалардың испан тілінде орындалуы олардың жаңа тыңдарманға жетуіне жол ашады. «Шәмші әлемі» концерті Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосады деп сенемін», – деді Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев.

Концертті 350-ден астам көрермен тамашалады. Олардың қатарында Испанияның мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер болды. Бағдарламаға композитордың «Әнім сен едің», «Ана туралы жыр», «Қайдасың», «Сыр сұлуы» және «Бақыт құшағында» секілді танымал әндерінің испан тіліндегі нұсқалары енді.
Концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері мен композитордың отбасы мүшелері өнер көрсетті. Оларды Madrid Festival Orchestra оркестрі сүйемелдеді.

«Шәмші Қалдаяқовтың әндерін Қазақстанда жұрт жақсы біледі әрі сүйіп тыңдайды. Сондықтан бұл әндермен алғаш рет танысқан испан тыңдармандарының оларды ықыласпен қабылдағанын көру біз үшін ерекше қуаныш. Жобаны қолдап, Шәмші Қалдаяқовтың мұрасын шетелде таныстыруға мүмкіндік бергені үшін Болат Өтемұратов Қорына алғыс айтамыз», –деді композитордың ұлы, «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Мұхтар Қалдаяқов.
«Shamshi 100» жобасы аясында композитордың таңдаулы 20 әні испан, француз және ағылшын тілдеріне бейімделді. Мадридте басталған концерттік тур 24 қазанда Парижде, 28 қазанда Нью-Йоркте жалғасады. Бұл концерттер де Республика күніне орай Қазақстанның Франция мен АҚШ-тағы елшіліктерінің қолдауымен өтеді.
«2030 жылы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 100 жыл толады. Осы айтулы шара қарсаңында «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың шығармашылығын әлем аудиториясына таныту мүмкіндігі біз үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ, бұл – Болат Өтемұратов Қоры қолдау көрсетіп келе жатқан мәдени бастамалардың жалғасы. Бұған дейін Қор Олжас Сүлейменовтің әдеби мұрасын, Батырхан Шөкенов пен Жәния Әубәкірова шығармашылығын насихаттауға бағытталған жобаларды қолдады. Сондай-ақ 2024 жылы Париждегі Гиме музейінде өткен «Қазақстан: Ұлы даланың қазыналары» көрмесіне серіктес болды. Біз үшін Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытып, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту маңызды», – деді Болат Өтемұратов Қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова.
Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылған. Соңғы 12 жылда Қор денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, инклюзия және өңірлерді дамыту бағытындағы бастамаларға 250 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Қор табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге және өңірлерде заманауи әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыруға да қолдау көрсетіп келеді.