×
$
447.88
516.58
5.29
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.88
516.58
5.29

Отбасы банктегі зейнетақы ақшасына қатысты маңызды ескерту жарияланды

Бүгін, 17:10
Отбасы банктегі зейнетақы ақшасына қатысты маңызды ескерту жарияланды
Ulysmedia коллажы

2027 жылы алты жылдық мерзім аяқталады. Пайдаланылмаған қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) қайтарылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

2021 жылғы желтоқсанда қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Отбасы банктегі депозитке аударуға рұқсат берілді. Бұл қаражатты тек тұрғын үй мақсаттарына жұмсауға болады. Мысалы, ипотекаға пәтер сатып алу, басқа банктегі ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру немесе жер телімімен бірге үй салу.

Ол үшін алты жыл уақыт берілген. Егер осы мерзім ішінде қаражат пайдаланылмаса, ақша қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Krisha мәліметінше, алғашқы алты жылдық мерзімдер 2027 жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл бағдарламаның алғашқы кезеңінде зейнетақы жинағын аударған азаматтарға қатысты.

Маңыздысы, алты жылдық мерзім әр аударым үшін жеке есептеледі. Егер адам ақшаны бірнеше рет аударса, әр соманың өз соңғы мерзімі бар. Кейін жасалған жаңа аударым бұрынғы қаражаттың мерзімін ұзартпайды.

Аударымның нақты мерзімін enpf-otbasy порталындағы «Менің өтініштерім» бөлімінен ЭЦҚ арқылы тексеруге болады.

Неліктен бұл мәселе маңызды?

Зейнетақы жинағының депозитте болуы өздігінен ипотека алуға кепілдік бермейді. Отбасы банктің көптеген бағдарламасында тұрғын үй құнының 50 пайызы көлемінде бастапқы жарна қажет.

Мысалы, пәтердің құны 30 миллион теңге болса, 15 миллион теңге болуы керек. Егер депозитте зейнетақы жинағынан небәрі 5 миллион теңге болса, қалған 10 миллион теңгені азамат өз қаражатынан қосуға тиіс.

Дегенмен бастапқы жарнасы төмен бағдарламалар да бар.

Қайтадан шешіп алу мүмкін болмайды

Қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылғаннан кейін оны қайтадан алып шығуға болады деп үміттенудің керегі жоқ. Қайта алу үшін зейнетақы шегінен асатын жеткіліктілік сомасы болуы қажет.

Ал жеткіліктілік шегі 2021 жылдан бері бірнеше рет көтерілді. Тек 2026 жылғы маусымда оның мөлшері екі есеге артты. Сондықтан ақшаны қайтадан зейнетақы қорынан шығара алатындар некен-саяқ.

Мерзімі аяқталуға жақын азаматтарға аударым күндерін қазірден тексеріп, жетіспейтін соманы есептеп, тұрғын үй сатып алуға үлгеру үшін қаражат жинауды бастаған жөн.