Сауд Арабиясының өтінішінен кейін Қытай Иранды корольдіктің мұнай нысандарына жасайтын шабуылдарын азайтуға шақырды. Осы хабардан соң әлемдік нарықта мұнай арзандап, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 105 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Мұнай бағасы қалай өзгерді?
Brent маркалы мұнай фьючерстері 95 центке немесе 0,93%-ға арзандап, барреліне 104,87 доллар болды.
АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы 1,61 долларға немесе 1,58%-ға төмендеп, барреліне 100,30 доллардан сатылды.
Бағаның төмендеуіне Бейжіңнің Тегеранға жасаған үндеуі әсер етті. Қытай Ираннан өзі қолдайтын хуситтерге ықпал етіп, Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына жасалатын шабуылдарды азайтуды сұрады.
Мұнай жеткізу жағдайы қандай?
Нарықтағы белгісіздікті күшейтіп отырған тағы бір мәселе – мұнай өңдеу зауыттарының жұмысындағы іркілістер.
IIR Energy бағалауынша, келесі аптада АҚШ-та жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу қуаты тәулігіне шамамен 371 мың баррельге қысқаруы мүмкін.
Мұнайды әлемдік нарыққа жеткізетін негізгі бағыттардың бірі – Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауда да қиындық сақталып отыр. Бейсенбіде бұғаздан шикізат тиеген небәрі төрт кеме өткен. Ал бұған дейінгі 10 күндегі орташа көрсеткіш тәулігіне шамамен 16 кеме болған.
Мұнай бағасы неге тәуелді?
Алдағы уақытта мұнай бағасының қалай өзгеретіні көбіне жеткізу жағдайына және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қалпына келуіне байланысты болмақ.
Мұнай нысандары мен тасымал бағыттарына төнетін қауіп азайса, бұл бағаның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Ал жаңа шабуылдар немесе экспорттағы кезекті іркілістер керісінше шикізат тапшылығы туралы алаңдаушылықты күшейтіп, мұнайдың қайта қымбаттауына әкелуі ықтимал.
Еске салайық, бұған дейін Польшаның Orlen компаниясы Польша, Литва және Чехиядағы мұнай өңдеу зауыттарына қосымша 16 партия мұнай сатып алғаны хабарланған еді. Жеткізуші елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Компанияға қосымша мұнай Сауд Арабиясынан келетін жеткізілімдегі іркілістерге байланысты қажет болған. Бұл қиындықтар қарашаға дейін созылуы мүмкін.