Маңғыстау облысында Toyota Camry көлігі екі адамды қағып кетті. Салдарынан 58 жастағы әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Ал жарақат алған 69 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Lada.kz мәліметінше, жол апаты 6 қарашада сағат 21:30 шамасында 29А шағынауданы маңында, Qazaq Oil жанармай құю бекетінің қарсы бетінде болған.
Полицияның мәліметінше, Toyota Camry жүргізушісі Атамекен ауылы бағытында келе жатып, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Оқиғаны көрген куәгер жедел жәрдем шақырған. Көп ұзамай оқиға орнына дәрігерлер бригадасы жеткен.
Оқиға орнына келген дәрігерлер 58 жастағы әйелдің алған жарақаттарынан жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмғанын анықтады.
Ал зардап шеккен 69 жастағы ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, адам өліміне әкелген жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Қазір тергеушілер жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты өзге деректер әзірге жарияланған жоқ.