×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

«Тағы екі қызметші тірі қалды»: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін туыстары дабыл қақты

Бүгін, 09:41
«Тағы екі қызметші тірі қалды»: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін туыстары дабыл қақты
Ulysmedia.kz коллажы

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін туыстары мерзімді әскери қызметтегі екі сарбаз – Айнар Ахметов пен Мағауия Әлиге қатысты алаңдап жатыр. Олардың айтуынша, сарбаздардың бірі судан аман шыққан, алайда оның аты ресми түрде жарияланған тірі қалғандар тізімінде болмаған. Қорғаныс министрлігі оқиғаның басқа нұсқасын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Олар қайда?»

Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің туыстары Айнар Ахметов пен Мағауия Әли неге аман қалғандар тізімінде жоқ екенін сұрай бастады.

– Айнар есімді сарбаз да аман қалған. Кеше қарындасымен сөйлескеннен кейін байланысқа шықпай кетті. Ол қазір қайда? Бұл оқиғада бір түсініксіз жайт бар сияқты. Айнар Ахметов пен Мағауия Әли қайда? Неге олардың аты аман қалған әскери қызметшілердің тізімінде жоқ? – деп жазды Threads желісінде қолданушы.

Өзін Айнар Ахметовтің туысымын деп таныстырған профессор Дәметкен Сүлейменова жігіт оқу-жаттығу кезінде судан өз күшімен жағаға шыққанын айтты. Оның сөзінше, Айнар қасындағы қарулас жолдасына көмектесуге тырысқан, бірақ оны судан алып шыға алмаған.

Оқиғадан кейін отбасы онымен бір-ақ рет сөйлесе алған.

– Кеше ғана ол қарындасымен бір-екі минут сөйлесті. Содан кейін байланыс үзілді. Қазір әлеуметтік желіде үш сарбаз ғана аман қалды деп жазып жатыр. Сонда біздің туысымыз ол тізімде жоқ па? Бұл қалай болғаны? Қарындасы кеше сөйлескен кезде Айнардың қалтырап тұрғанын, дұрыс сөйлей алмай қалғандай болғанын айтты, – деп жазды Сүлейменова.

Туыстары биліктен әскери қызметшінің қазір қайда екенін және неге аман қалғандардың қатарында аталмай отырғанын анықтауды сұрады.

Қорғаныс министрлігі пікір білдірді

Қорғаныс министрлігі Айнар Ахметов пен Мағауия Әлидің аман екенін және қазір әскери бөлімде жүргенін хабарлады.

Олар оқу-жаттығуға қатысқан, алайда тапсырманы теңізде емес, жағалауда орындаған.

– Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. және Мағауия Ә.А. жағалауда оқу тапсырмаларын орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған. Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауға, ресми хабарламаларға сүйенуге шақырамыз, – деп мәлімдеді ведомство.

Қазір екі сарбаз да әскери бөлімде және қызметін қалыпты тәртіпте жалғастырып жатыр.

Оқиғаның мән-жайы

24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суға кеткен еді. Үшеуі өз күшімен судан шығып, 14 адам қаза тапты.

Алғашында Қорғаныс министрлігі теңізге 19 адамның кеткенін хабарлаған. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі бұл деректі нақтылап, 17 адам екенін мәлімдеді.

Қайғылы оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылды. Тергеу барысында әскери қызметшілердің қажетті жабдықтармен, соның ішінде теңізде қолданылатын құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені белгілі болды.

Қазір оқу-жаттығуды ұйымдастыруға, әскери қызметшілерді қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге және олардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекеті тексеріліп жатыр.

Бұдан бөлек, арнайы комиссия Қорғаныс министрлігінің өзіне де кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Оның аясында әскери қызметті ұйымдастырудан бастап, армияны материалдық және қаржылық қамтамасыз етуге дейінгі мәселелер қаралады.

Қайғылы оқиғадан кейін кадрлық өзгерістер де болды. Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен кетіп, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиға армиядағы «көптеген кемшіліктер мен кәсібиліктің жоқтығын» көрсеткенін айтып, түбегейлі әскери реформа жүргізуді талап етті.

Қауіпсіздік кеңесі мен Қорғаныс министрлігіне он күн ішінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.