×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

Туыстары дабыл қаққан сарбаздар оқиға күні қайда болғандарын айтты

Бүгін, 13:31
Туыстары дабыл қаққан сарбаздар оқиға күні қайда болғандарын айтты
Видео кадры

Айнар Ахметов пен Әли Мағауияның туыстары мәлімдеме жасағаннан кейін Қорғаныс министрлігі екі мерзімді әскери қызметшінің видеосын жариялады. Сарбаздар 24 қыркүйекте Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде 14 адам қаза тапқан сәтте қайда болғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Біз катерге мінген жоқпыз»

Видеода Әли Мағауия қайғылы оқиға болған күні жағалауда болғанын және сол аумақты күзету міндетін атқарғанын айтты.

– 24 қыркүйекте мен катерге мінген жоқпын. Жағалауды күзету тапсырмасын орындадым. Сол күні маған ұялы телефон берілді. Ата-анаммен сөйлесіп, жағдайым жақсы екенін айттым, – деді ол.

Айнар Ахметов те дәл осындай мәлімет айтты. Оның сөзінше, оқу-жаттығу кезінде ол жағалауда болған.

Бұған дейін туыстары дабыл қаққан

Еске салайық, бұған дейін Айнардың туыстары Каспийдегі қайғылы оқиға болған күні оның да суға кетіп, кейін өз күшімен жағаға шыққанын айтқан еді.

Алайда оның аты ресми түрде аман қалған үш әскери қызметшінің қатарында аталмаған.

Туыстары Айнардың кейін байланысқа шықпай қалғанына да алаңдаған.

Қорғаныс министрлігі Айнар мен Әлидің сол күні оқу-жаттығуға қатысқанын растады. Алайда олардың тапсырманы теңізде емес, жағалауда орындағанын мәлімдеді.

Каспийдегі қайғылы оқиға

24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші суған кеткен еді. Үшеуі судан аман шыққан, 14 адам қаза тапқан.

Осы іс бойынша Қарулы күштердің жоғары және аға командалық құрамындағы бес әскери қызметші ұсталды.

Тергеу барысында оқу-жаттығудың қалай ұйымдастырылғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайы, катердің техникалық күйі және жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті тексеріліп жатыр.