×
$
441.77
€
502.38
₽
5.23
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.77
€
502.38
₽
5.23

Шикізатты өңдеуге басымдық: Тоқаев Германияға қандай ұсыныспен барды?

Бүгін, 10:01
Шикізатты өңдеуге басымдық: Тоқаев Германияға қандай ұсыныспен барды?
Ақорда

Қазақстан Германияға стратегиялық маңызы бар шикізат жеткізу көлемін арттырып, оны неміс компанияларымен бірлесіп өңдеуге дайын. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Берлиндегі келіссөздер қарсаңында немістің Handelsblatt басылымына арналған авторлық мақаласында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан тек шикізат жеткізумен шектелгісі келмейді

Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында аса маңызды минералдарға да тоқталған. Қазақстан Еуропа стратегиялық маңызы бар деп таныған 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың қатарында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл шикізат энергетика, өнеркәсіп, микроэлектроника және цифрлық технологиялар үшін қажет.

Президент Германияға қазақстандық шикізатты сатып алумен ғана шектелмей, бірлескен өндірісті жолға қоюды ұсынды.

– Біз Германияға сенімді жеткізіліммен қатар, геологиялық барлау мен өндіруден бастап өңдеу, құрамдас бөлшектер шығару және қайта пайдалануға дейінгі қосылған құн мен өндірістің бірлескен тізбегін құруды ұсынамыз, – деп жазды Мемлекет басшысы.

Ол металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол көлігін өндіруді да ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттары ретінде атады.

Мұнай, уран және Еуропаға жол

Тоқаев энергетика мәселесіне де тоқталған.

Қазақстан Еуропалық одақ импорттайтын мұнайдың шамамен 13 пайызын және уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың өзінде Қазақстан Германияға 10 млн тоннадан астам мұнай жеткізген.

– Қазақстан Еуропа үшін энергия ресурстарын сенімді әрі тұрақты жеткізуші екенін дәлелдеді. Қолданыстағы көлік мүмкіндіктері аясында бұл міндетті әрі қарай да атқаруға ниеттіміз. Жаңартылатын энергетика, заманауи электр желілері және энергия тиімділігін арттыру салаларында да үлкен мүмкіндік бар, – делінген мақалада.

Тоқаев Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалындағы рөліне де назар аударған.

Оның айтуынша, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы транзиттің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр тасымал көлемі шамамен 40 млн тоннаға жеткен.

Президент негізгі бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын атап өтті. Жылдың алғашқы сегіз айында осы бағыттағы тасымал 22 пайызға, ал Шығыс – Батыс бағыты бойынша транзит 55 пайызға өскен.

Өңірлерді Каспий теңізіндегі порттармен жалғайтын жаңа жолдар Азия мен Еуропа арасындағы бағытты шамамен мың шақырымға қысқартуға тиіс.

Берлиндегі келіссөздер

Авторлық мақала Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары қарсаңында жарияланды.

Ол Германияға президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен барды.

Берлинде Штайнмайермен және Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз өткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті Германияның ірі компанияларының, қаржы институттарының, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының басшыларымен кездеседі.

Берлиндегі сапарынан кейін Тоқаев Мюнхенге барады.