Ақтаудан көлікпен жарты сағаттай жерде Баянды атты шағын ауыл бар. Өткен аптада осы ауылға қаралы хабар жетті: Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде ауыл жұртының көз алдында өскен 20 жастағы Алмас Көбенов қаза тапты. Ол сол қайғылы оқиғада көз жұмған 14 әскери қызметшінің бірі еді. Ulysmedia.kz тілшісі әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан Алмастың қандай азамат болғанын, ата-анасына сүйеніш болуды армандаған ұлынан айырылған отбасының бүгінгі жағдайын білу үшін Баяндыға барды.
Көбеновтер отбасының үйін ауылдан табу қиын емес. Мұндағылардың көбі қазір бүкіл ел айтып жүрген жігіттің осы үйде тұрғанын біледі. Шағын үйдің құрылысы әлі толық аяқталмаған. Сырты сыланбаған. Отбасы баспананы шамасы келгенше өз күшімен жөндеп келген. Алмас көпбалалы отбасындағы ортаншы бала еді. Оның екі ағасы және мектепте оқитын екі қарындасы бар.

Отбасының тұрмысы бұған дейін де оңай болмаған. Алайда теңіздегі қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда оларға тағы бір ауыр сынақ түсті: Алмастың анасына ішектің екінші сатыдағы қатерлі ісігі диагнозы қойылған.
Науқас әйеліне күтім жасау үшін отағасы сырлаушы болып істеген жұмысын тастауға мәжбүр болған. Сөйтіп, отбасының негізгі күнкөрісі үлкен ұлдардың мойнына түскен. Алмастың қаза тапқаны туралы хабар жеткенде анасы химиотерапияның үшінші курсынан өтіп жүрген. Әйел ұлын соңғы сапарға шығарып салу үшін емін тоқтатуға мәжбүр болған. Алмастың туған-туыстарымен тілдесу мүмкін болмады. Қайғыдан қан жұтқан анасының қазір бөгде адамдармен сөйлесуге шамасы жоқ. Ал отбасының ер азаматтары журналистпен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартып, кетуімізді өтінді.
Алмас Көбенов тұрған көше
Бұған бір күн бұрын Көбеновтер отбасына блогерлер келген. Олар әлеуметтік желідегі қаралым үшін отбасының қарапайым тұрмысын камераға түсіріп, 100 мың теңгені көрсетіп табыстаған.
Осы жағдайдан кейін отбасы сырт көзден мүлде тұйықталып, ауыр қайғысын ел назарынан тыс өткеруге тырысып отыр.
Сондықтан Алмастың қандай адам болғанын оны әскерге дейін жақсы таныған жандардан сұрауға тура келді.
Алмас Көбенов достарымен бірге
Баянды ауылындағы №3 мектепте Ulysmedia.kz тілшісіне Алмастың архивтегі суреттерін көрсетті.
Бұл фотолардан ұстаздары мен сыныптастары көзіне жас алып еске алатын Алмастың болмысы анық көрінеді: ашық мінезді, көңілді, қарапайым әрі өте кішіпейіл жігіт.
Алмас көк күртешеде, сыныптастарымен бірге түскен суреті
Достарымен бірге мерекелік дастархан басында немесе ауыл ішінде кешкі серуенде түсірілген суреттерден оның адамдармен тез тіл табысқанын аңғаруға болады.
Фотоларда ол жинақы, шынайы, сәл қысылғандай, бірақ өте жылы жымиып тұрады. Алмас ешқашан кадрдың ортасына ұмтылмаған. Өзі жақсы көретін, қадірлейтін адамдардың жанында болғанды жөн көрген.
Алмас сол жақта, көк күрте киген
Ал бүгін мектептің дәлізінде Алмасты еске алуға арналған шағын бұрыш жасалған.
Көк матамен жабылған үстел үстінде оң жақ төменгі бұрышына қаралы таспа тағылған ақ жақтаудағы суреті тұр.
Жуырда ғана ол осы мектептің қарапайым оқушыларының бірі еді. Бүгінде оны енді үйіне ешқашан оралмайтын түлек ретінде еске алады.

Алмастың сынып жетекшісі, мұғалім Орынгүл Сәбит оны өте тәрбиелі әрі ұяң оқушылардың бірі болғанын айтады.
– Алмас менде 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқыды. Өте қарапайым, ұялшақ, ақкөңіл бала еді. Тәртібінен ешқандай мәселе болған жоқ. Сабақтан қашпайтын, бірінші сабақтан жетінші сабаққа дейін отыратын. Үлгерімі орташа, «үш» пен «төрттің» арасында болды. Бірақ сабақ үстінде сурет салғанды қатты ұнататын. Бірде оқушылардың әлеуметтік жағдайын білу үшін үйлерін аралағанбыз. Ол кезде отбасы өте жұпыны тұратын, уақытша баспанада еді. Алмас мені есіктен көргенде ұялғанынан үйге жүгіріп кіріп, ас үстелінің астына тығылып қалып: «Апай келе жатыр, апай келе жатыр!» деп айқайлағаны есімде. Анасы: «Алмас, шық, балам» деп шақырған. Ол кездегі балалар мүлде бөлек еді ғой. Ұстазынан ұялып, сыйлағаннан тығылды. Ең бастысы, қанша қиындық көрсе де, ешқашан ештеңеге шағым айтпайтын. «Алмас, дәптерің, қаламың бар ма?» деп сұрасам, үнемі: «Апай, бәрі бар, менде бәрі бар » деп жауап беретін, – дейді Орынгүл апай.
Алмас артқы жақта, қолын көтеріп тұр
Есейе келе Алмас ұстазына жақсы мамандық алып, жұмысқа орналасып, ата-анасын өзі асырайтынын жиі айтқан.
Бұл оның өмірдегі ең үлкен армандарының бірі еді – ер жетіп, анасы мен әкесіне сенімді тірек болу.
– Әлеуметтік желіден қаза тапқандардың тізімінен оның атын көргенде жылап жібердім: «Бұл менің оқушым ғой!» дедім. Оның әскерге кеткенін де білмеппін, – дейді Орынгүл Сәбит.

Алмасты қатарластары да ерекше жылумен еске алады.
Оның бұрынғы сыныптасы Жұлдыз Иленова Алмастың айналасындағы адамдарға әрдайым ілтипатпен қарап, ешкіммен ренжіспейтінін айтады.
– Өте ақкөңіл, ішінде арам ойы жоқ жігіт еді. Сыныптағы барлық баламен араласатын, достары өте көп болды. Қыста қар жауса, үйімізге жүгіріп келіп: «Жұлдыз, далаға шығайық, қар атысайық» дейтін. Ойнап жүріп мені байқамай қарға құлатып алса, ренжітіп қойдым ба деп өзі шошып, бірден жүгіріп келіп: «Кешірші, кешірші, өтінемін» деп кешірім сұрайтын. Ешкімді ренжітпейтін, өзгенің көңіліне қарайтын. Өз басындағы қиындықтарды да, отбасының ауыр тұрмысын да достарына айтпайтын. Ештеңені елге көрсетіп, жария етпейтін. Әлеуметтік желіде қаза болғандардың тізімі шыққанда алғашында сенбедім. Бізде сыныптың ортақ чаты бар. Балалардан: «Бұл шынымен біздің Алмас па?» деп сұрадым. Олар «иә» дегенде, дүние төңкеріліп кеткендей болды, – дейді Жұлдыз.

Ауыл әкімдігіндегілер де Көбеновтер отбасының материалдық жағдайы өте қиын екенін растады. Алайда әзірге отбасыға ресми көмек аудару немесе жұрттан жиналған қаражатты банк карталарына жіберу мүмкін болмай отыр. Баянды ауылының әкімі Қадырбек Жексенбаев қаза тапқан матростың отбасы қандай қиын жағдайда отырғанын айтып берді.
– Қазір көп отбасы сияқты бұлардың да несиесі бар. Қарыз жиналып қалғандықтан банк шоттары бұғатталған. Қазір осы мәселені анықтап, Әділет министрлігінің eNotary жүйесі арқылы шот ашуға көмектесіп жатырмыз. Өйткені «Рух» қорынан, мемлекеттен, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардан қаржылай көмек түскен кезде ақша анасының, әкесінің немесе ұлдарының бірінің шотына түсуі керек. Әзірге көмектің бір бөлігін қолма-қол беруге тура келіп отыр, – дейді ауыл әкімі.

Оның айтуынша, жергілікті билік пен ауыл тұрғындары отбасына жерлеу рәсімін өткізуге көмектесіп, көңіл айтуға келген жұрт үшін шатырлар мен киіз үйлер тіккен. Алмасты соңғы сапарға шығарып салуға депутаттар мен кейін қызметінен босатылған қорғаныс министрі де келген.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды.
«Қайсар» катерінен әскери қызметшілерді түсіру кезінде 17 адам қатты толқынды ашық теңізге тап болған. Олардың үшеуі ғана аман қалды. Қалған 14 әскери қызметші, оның ішінде матрос Алмас Көбенов қаза тапты.
Қайғылы оқиғаның ресми себебі – ауа райының күрт бұзылуы. Ал шын мәнінде не болғанын тергеу анықтауға тиіс.

Оқиға орнындағы іздеу жұмыстары
Каспийдегі трагедия қоғамда үлкен резонанс туғызып, қатаң кадрлық және процессуалдық шешімдерге ұласты.
Оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «Кемені жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Тергеу катердің техникалық жағдайын, дауылды ескертуге қатысты қабылданған шешімдерді және командалық құрамның әрекеттерін тексеріп жатыр.
Іс аясында Қорғаныс министрлігінің бес жоғары лауазымды қызметкері ұсталды. Олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар.
Одан кейін жоғары деңгейдегі кадрлық шешім де қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Қосановты қорғаныс министрі қызметінен босатты.
Қаза тапқан әскери қызметшілер «Айбын» ордендерімен қайтыс болғаннан кейін марапатталды.
Қаза тапқан Алмас Көбеновтің туған ауылы
Он төрт жігіттің қазасы тек қызметтен босатулар мен қылмыстық істерге себеп болған жоқ.
Бұл трагедия қоғамға ауыр әсер етіп, әскердегі адам өмірінің құнына жаңаша қарауға мәжбүр етті.
Каспийдегі қаза Қазақстанның қорғаныс жүйесінде көптен бері қажет болып келген ауқымды өзгерістерге түрткі болды. Бұл өзгерістер алдағы уақытта мыңдаған қазақстандық жігіттің әскерден аман-есен үйіне оралуына мүмкіндік беруі мүмкін.