Астанада Қазатомөнеркәсіптің үздік қызметкерлері марапатталды. Атом саласы қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған «Жыл қызметкері» байқауында биыл 30 маман жеңімпаз атанды.
Салтанатты шара Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтті. Оған еліміздің әр өңірінен атом өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген мамандар жиналды.
«Жыл қызметкері» байқауы Қазатомөнеркәсіпте дәстүрге айналған. Биыл марапатқа 253 қызметкер үміткер болған. Үздіктерге сыйлықты компанияның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов табыстады. Жеңімпаздардың бірі – «Қызылқұм» ЖШС кенішінің электромеханигі Төребек Балғабай. Ол уран өндірісінде 15 жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Жалпы еңбек өтілім – 38 жыл. Уран өндірісінде 2009 жылдан бері электромеханик болып жұмыс істеймін. Бүгін Астанаға шақырып, еңбегімді бағалап, марапат бергендеріңізге алғыс айтамын, – деді Төребек Мұратбайұлы.

Уран өндірісіндегі электромеханик кәсіпорынның үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне жауапты негізгі техникалық мамандардың бірі саналады.
Оның міндетіне технологиялық жабдықтарды күтіп ұстау, электр қозғалтқыштарының жұмысын бақылау, ұңғыма алаңдары мен қайта өңдеу цехтарындағы қондырғыларды, автоматты басқару жүйелері мен бақылау-өлшеу аспаптарын тексеру және жөндеу кіреді.
Жабдықтардың істен шығуына жол бермеу үшін олар бекітілген кесте бойынша тексеріліп, майланып, қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектері ауыстырылады. Ал ақау анықталса, өндіріс тоқтап қалмас үшін жедел жөндеу жүргізіледі.
Салтанатты шарада Төребек Мұратбайұлымен бірге Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорындарында еңбек ететін өзге де мамандар марапатталды.
Олардың қатарында слесарь, геолог, геотехнолог, инженер-маркшейдер, геофизик, оператор, машинист, құрылысшы, жүргізуші, метролог, физика-химиялық зертхана лаборанты, дозиметрист, күзетші, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай марапаттар тек жеке қызметкердің еңбегін бағалау ғана емес, сол маман жұмыс істейтін ұжым үшін де үлкен мәртебе.
Компания туралы
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – уран мен оның қосылыстарын, атом электр станцияларына арналған отынды, сондай-ақ арнайы жабдықтар мен технологияларды экспорттау және импорттау жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық операторы.