×
$
441.88
€
503.61
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
441.88
€
503.61
₽
5.24

«Еңбек адамы»: Бектенов көп жыл еңбек еткен жұмысшыларға мемлекеттік наградалар табыстады

Бүгін, 13:57
«Еңбек адамы»: Бектенов көп жыл еңбек еткен жұмысшыларға мемлекеттік наградалар табыстады
Үкімет

Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты. Оған жұмыспен қамту, маман даярлау және өндірістегі қауіпсіздік саласындағы жаңа жобалар, соның ішінде жасанды интеллект қолданылатын шешімдер таныстырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бектеновке жұмыссыз жүрген азаматтарды автомат түрде анықтап, оларға лайықты бос жұмыс орындарын ұсынатын цифрлық платформа таныстырылды.

Қазір жоба Павлодар және Маңғыстау облыстарында жұмыс істеп тұр. Онымен 59 мыңнан астам адам қамтылған. Қарашадан бастап платформаны басқа өңірлерде де іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жиында Астанада жүзеге асырылып жатқан Joltap бағдарламасы туралы айтылды. Бағдарлама аясында 22,2 мың адам жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдылар бойынша білім алған.

Олардың шамамен 60 пайызы жұмысқа орналасса, тағы 2 мыңға жуық адам өз кәсібін ашқан.

Көп жыл еңбек еткен жұмысшылар марапатталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.

Олардың арасында 44 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан троллейбус жүргізушісі Тұрғынжан Аутов пен метро монтері Айдарбек Ақтанбердиев бар.

Шебер Валентина Зенкинаның еңбек өтілі — 52 жыл, ал медициналық орталық директоры Владимир Крайсман 53 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Сонымен қатар, еліміздің әр өңіріндегі жұмысшылар, инженерлер, машинистер, жүргізушілер мен әлеуметтік сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қазір Қазақстанда 9,4 миллион адам еңбек етеді. Жыл басынан бері 475 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Ал Электрон еңбек биржасында 800 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Үкімет еңбек нарығындағы өзгерістер мен жұмыс берушілердің сұранысын ескеретін жаңа жұмыспен қамту бағдарламасын да әзірлеп жатыр.